Қазақстанның атом саласына мамандар даярлау мәселесін Атом энергетикасы агенттігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиев Назарбаев университетінің Жоғары бизнес мектебінің деканы, профессор Иозеф Кёнинг және АҚШ-тағы Дьюк университетінің профессоры Дэвид Робинсонмен талқылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Тараптар атом саласы үшін кадрлар даярлау аясында ынтымақтастықтың келешегін, оның ішінде бірлескен білім беру бағдарламаларын құру, академиялық алмасу және шетелдік серіктестермен ғылыми-зерттеу бағытындағы әріптестікті дамыту мүмкіндіктерін талқылады”, – делінген хабарламада.
Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, академиялық институттармен әріптестік болашақ АЭС-тердің қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ете алатын жаңа буын мамандарын қалыптастыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу бойынша консорциумды "Росатом" басқарады. Бұл туралы Атом энергетикасы агенттігі 14 маусымда хабарлаған еді. Алғашқы АЭС Алматы облысының Үлкен кентінде, Балқаш көлінің жағасында 2035–2036 жылдары салынады деп жоспарланған.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда салынатын алғашқы ірі атом электр станциясының жобалық-сметалық құжаттамасы (ЖСҚ) 2026 жылы әзірленетіні туралы жазған едік. Құжат дайын болғаннан кейін жобаның жалпы құны қайта қаралып, қымбаттауы мүмкін екені де айтылды.
Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр мәлімдеді. Оның сөзінше, АЭС құрылысына қатысты техникалық-экономикалық негіздеме 2025 жылдың желтоқсанына дейін дайын болады. Ал 2026 жылы жобалық-сметалық құжаттарды жасау басталады. Құжаттар толық әзір болған соң, жобаны жүзеге асырудың келесі кезеңіне көшу жоспарланып отыр.
Премьер-Министр Олжас Бектенов АЭС құрылысына отандық мердігерлердің барынша тартылатынын атап өтті.
"Біз құрылыс жұмыстарына қазақстандық компанияларды мүмкіндігінше көп тартамыз. Дегенмен нақты сандарды айту әзірге ерте. Себебі жобалық-сметалық құжаттама әлі дайын емес. Құжаттар қолымызға тиген соң, барлық дерек нақтыланады. Бірақ ең бастысы — қазақстандық кәсіпорындардың қатысуы", — деді Үкімет басшысы.
Алдын ала есеп бойынша, атом электр станциясын салу құны 14 миллиард долларды құрауы мүмкін. Алайда жобалық құжаттар әзірленген соң бұл сома артуы ықтимал. Құрылыстың нақты құны құжаттамада көрсетілетін техникалық және қаржылық көрсеткіштерге байланысты болады.
Айта кетейік, күні кеше ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Тимур Жантикин Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында елімізде атом электр станциясының (АЭС) құрылысы кемінде екі жылдан кейін басталатынын мәлімдеген еді.
Оның айтуынша, АЭС салуға ниетті төрт ірі компанияның ішінен коммерциялық ұсыныстарды бағалау және таңдау жұмыстарына бір жыл уақыт кетеді. Одан кейін тағы бір жыл қауіпсіздік, қоршаған ортаға әсері және басқа да техникалық есептерді дайындауға жұмсалмақ.
Барлық құжат дайын болғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады. Жалпы құрылыс шамамен бес жылға созылады. Осылайша, бүкіл процесс жеті жылдай уақыт алады.
Бұған дейін агенттік АЭС-ті жобалаудан бастап пайдалануға беруге дейінгі мерзімді 10–12 жыл деп болжаған еді.