Қазақстанда астық пен майлы дақылдар нарығында белсенділік төмендеді

Қазақстанда астық пен майлы дақылдар нарығында белсенділік төмендеді
pixabay.com

Қазақстанда астық пен майлы дақылдар нарығында сауда белсенділігі төмен деңгейде қалғаны анықталды. Сатып алушылар жаңа өнімнің жаппай нарыққа шығуын күтіп отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

«Астық нарығында төмен сауда белсенділігі сақталуда, сатып алушылар жаңа өнімнің жаппай түсуін күтуде. Арпа айтарлықтай арзандады, ал бидай бағасында елеулі өзгерістер жоқ. Фермерлер көлемді ұсынуға асықпайды, мәмілелер саны аз», – делінген Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған шолуда.

Элеватордан ҚҚС-ты қоса есептегендегі ағымдағы орташа бағалар бойынша 3-сыныпты, клейковинасы 28%-дан жоғары жұмсақ бидайдың бір килограмы 117 теңге, клейковинасы 25%-ға дейінгі бидай – 106 теңге, 23%-ға дейінгі бидай – 101 теңге болды.

4-сыныпты бидайдың бағасы 90 теңге, 5-сыныпты бидайдың бағасы да 90 теңге деңгейінде қалыптасты. 2-сыныпты арпа 72 теңге болып, бір апта ішінде 15 теңгеге арзандаған.

Майлы дақылдар нарығында да сауда белсенділігі төмен. Қатысушылар күту позициясын ұстанып отыр.

«Зығыр, рапс және қызыл жасымық арзандады, күнбағыс бағасы тұрақты. Жаңа өнім бойынша алғашқы ұсыныстар пайда болып жатыр, алайда белсенділік әзірге төмен», – делінген шолуда.

Қазіргі таңда зығырдың орташа бағасы 198 теңге болып, 5 теңгеге төмендеген. Рапс 205 теңге деңгейінде саудаланып, 20 теңгеге арзандады. Күнбағыс бағасы 221 теңге, сафлор – 178 теңге, соя – 193 теңге, ақ қыша – 215 теңге деңгейінде.

Министрлік шолуында аталған бағалар Қазақстан аумағындағы элеваторда немесе вагонда ҚҚС-ты қоса есептегендегі орташа өлшенген бағалар екені көрсетілген. Баға өңірге, өнімнің сапалық көрсеткіштеріне және жеткізу шарттарына қарай өзгеруі мүмкін.