Қазақстанда әскери билет алу қанша тұрады?

Dalanews 27 қар. 2025 22:51

Қазақстанда әскерге бір жыл бойы жүрмей-ақ, заңды түрде әскери билет алуға бола ма Қорғаныс министрінің орынбасары Серік Борамбаев Мәжіліс кулуарында осы мәселеге нүкте қойып, әскерге барудың заңды баламасы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz

Министрлік өкілінің сөзінше, әзірге елімізде діни немесе моральдық себептермен әскерден бас тартуға мүмкіндік беретін «балама қызмет» (альтернативная служба) жүйесі жоқ. Алайда заң шеңберінде басқа тиімді жол қарастырылған.

40 күн және 300 мың теңге

Егер сіз толық мерзімге казармаға барғыңыз келмесе, бірақ әскери билет қажет болса, ақылы дайындық курсынан өтуге болады. Бірақ бұл барлығына бірдей рұқсат етілмейді.

Серік Борамбаевтың айтуынша, бұл мүмкіндікті пайдалану үшін азамат:

  • 24 жасқа толған болуы керек;

  • Денсаулығына немесе отбасылық жағдайына байланысты алдын ала кейінге қалдыру (отсрочка) құқығына ие болуы тиіс.

«Ресми түрде ақысын төлеп, 40 күндік дайындық курсынан өтіп, әскери билет алуға болады. Қазір нақты есімде жоқ, бағасы шамамен 240 мың мен 300 мың теңгенің аралығында», – деді министр орынбасары.

Әскери комиссариатқа бару міндетті емес

Ең қызығы, бұл процесті бастау үшін ұзын-сонар кезекке тұрып, әскери комиссариаттың есігін тоздырудың қажеті жоқ. Заман талабына сай бәрі цифрландырылған.

Өтінімді online түрде, «цифрлық әскери комиссариат» арқылы беруге болады.

Жүйе өте қарапайым жұмыс істейді:

  1. Сіз онлайн өтінім бересіз («Маған әскери билет керек, қызмет өтегім келеді» деп).

  2. Кезекке тұрасыз.

  3. Төлемақы жасайсыз.

  4. Кезегіңіз келгенде 40 күндік қызметті өтейсіз.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың соңына дейін Қазақстанда 18 бен 27 жас аралығындағы 22 мыңға жуық азаматты мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарланған. Биылғы жаңашылдық – шақырту қағаздары енді SMS хабарлама арқылы және eGov порталы арқылы да жіберілуде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар