Мәжіліс аңшылық саласы мен жануарлар дүниесін қорғауға қатысты жаңа заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Құжатта аң аулау ережелерін қатаңдату, заңсыз аңшылықпен күресті күшейту және сирек жануарларды қорғау шаралары қарастырылған,
Жаңа нормаларға сәйкес, Қазақстанда аңшыларға түнгі көру құрылғыларын, тепловизорларды, инфрақызыл және электрондық-оптикалық құралдарды пайдалануға тыйым салынбақ. Сонымен қатар құрлардың үйірге жиналу кезеңінде қорықшысыз аң аулауға шектеу енгізіледі.
Заң жобасында заңсыз ауланған жануарлар мен олардың бөліктерін интернетте көрсету, сақтау, тасымалдау және сату үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұл талап жабайы жануарлардың мүйізі, терісі және басқа да дериваттарын әлеуметтік желілерде жарнамалауға да қатысты болмақ.
Сондай-ақ таңбаланбаған немесе заңсыз таңбаланған ақбөкен мүйіздерін сақтағаны мен сатқаны үшін де жаза енгізіледі. Мәжілісте бұл нормалар браконьерлікпен күресті күшейту үшін қажет екені айтылды.
Құжатта аңшылық шаруашылықтары мен қорықшылардың құзыреті де кеңейтілген. Енді олар әкімшілік құқықбұзушылық істері аясында көліктерді тексеріп, ұстауға және пайдалануға тыйым салу шараларын қолдана алады.
Бұдан бөлек, заң жобасы жануарлар дүниесін қорғау, олардың санын реттеу және сирек түрлерді тіркеу тәртібін нақтылайды. Сонымен қатар табиғи қаумалдарда аң өсіруді дамыту және заңсыз ауланған жануарларды заңдастыруға жол бермеу үшін арнайы тіркеу жүйесі енгізілмек.