Қазақстанда "Алатау" деп аталатын жаңа арнайы экономикалық аймақ құрылмақ. Жоба Жамбыл облысының Қордай ауданында жүзеге асып, инвестиция тарту мен жаңа өндіріс орындарын ашуға бағытталады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жобаның жалпы аумағы 165 гектарды қамтиды. АЭА-ны құрудағы басты мақсат – өңірге инвестиция тарту, жаңа өндірістерді іске қосу және тұрақты жұмыс орындарын ашу. Сонымен қатар бұл бастама аймақтағы өнеркәсіп пен логистика саласының қарқынды дамуына серпін бермек.
Жоспарға сәйкес, аймақта өңдеуші өнеркәсіптің бірқатар бағыты дамытылады. Атап айтқанда, химия, металлургия, құрылыс материалдарын өндіру және пластик бұйымдарын шығару көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, агроөнеркәсіптік секторға да ерекше мән берілмек. Яғни ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сақтау және тиімді логистика жүйесін қалыптастыру бағыттары басымдыққа ие болады.
Сондай-ақ машина жасау, электроника салаларын өркендету және жоғары қосылған құны бар өнімдер шығару да негізгі міндеттердің қатарында.
