Қазақстанда ағза ауыстырған науқастардың өмір сүру деңгейі артқан

Қаракөз Амантай 03 қаз. 2025 13:13

Қазақстанда ағза трансплантациясынан кейін науқастардың өмір сүру көрсеткіші жоғары деңгейде қалып отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ақпарат "Бір шешімнің күші" атты форумда жария етілді. Шара Еуропалық донорлық пен ағза трансплантациясы күніне орай өтті.

Бүгінде елімізде 4300-ден астам адам, оның ішінде 121 бала ағза ауыстыруға зәру. Жыл сайын шамамен 200-300 пациентке ғана операция жасалады.

"Өмір сүру көрсеткіштері алдыңғы қатарлы әлемдік клиникалардың нәтижелерімен тең: бүйрек трансплантациясында – 95-97%, бауырда – 85%, жүректе – 86%", – делінген министрлік хабарламасында.

Қазақстанда жүрекке алғашқы трансплантация 2012 жылы жасалған. Содан бері отандық дәрігерлер бауыр, бүйрек, жүрек, көздің қасаң қабығын ауыстыруды меңгерді. 2015 жылдан бастап өкпе трансплантациясы да жасалады. Бір донордың өзі жеті адамның өмірін құтқара алады.

"Алдағы уақытта балаларға жүрек пен бауыр трансплантациясын, сондай-ақ кешенді ағза ауыстыру операцияларын жүргізу жоспарланып отыр", – деді министрлік өкілдері.

Сонымен қатар елде донорлық ағзалардың тапшылығы байқалады, ал өлімнен кейінгі донорлық деңгейі әлі де төмен.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар