Қазақстанда ағымдағы шоттарға сыйақы есептеу қайта енгізіледі: бұл кімге тиімді?

Сағыныш Сардарова 19 нау. 2026 09:58

19 наурыздан бастап Қазақстанда ағымдағы шоттарға сыйақы есептеуге қайта рұқсат беріледі. Бұл шектеу 2019 жылдан бері депозиттерді ынталандыру үшін енгізілген еді. Сарапшылардың пікірінше, өзгеріс қарапайым азаматтарға айтарлықтай әсер етпейді, алайда бизнес пен банктер үшін мұның маңызы жоғары, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Qazaq Expert Club-тың қаржы сарапшысы Әйгерім Ілиясованың айтуынша, халықтың банк карталарында орташа мөлшерде қалатын ақша - шамамен 200 мың теңге. Жылдық мөлшерлеме 1%-ға дейін болса, бұл жылына небәрі 2 мың теңгедей табыс әкеледі. Сондықтан бұл өзгеріс салымшылардың қаржы сақтау әдетіне әсер етпейді.

Оның орнына банктер икемді депозиттер ұсынып отыр: қаражатты кез келген уақытта салып, шешіп алуға болады. Күн сайынғы қалған ақшаға пайыз есептелетіндіктен, ақшаны депозитте ұстау әлдеқайда тиімді.

Ал негізгі әсер бизнеске тиеді. Кәсіпорындардың ағымдағы шоттарында ірі қаражат сақталады, сондықтан сыйақы төлеу банктер үшін қосымша шығынға айналуы мүмкін. Бұл өз кезегінде несие құнына ықпал етуі ықтимал.

Сарапшы мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарға да назар аударды. Олар көбіне бюджет қаражатын депозитке сала алмайды, сондықтан ағымдағы шоттағы сыйақы олар үшін тиімді болуы мүмкін.

Маманның айтуынша, бұл жаңашылдық банктер үшін міндет емес, тек бәсекелестік құралы саналады. Дегенмен ол корпоративтік клиенттер үшін тартымдылықты арттырып, нарықтағы бәсекені күшейтуі мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove