Астанада Қазақстан Республикасының Атом энергетикасы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қытай Халық Республикасының Экология және қоршаған ортаны қорғау министрінің орынбасары, Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық басқарманың басшысы Дон Баотонмен кездесті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кездесу барысында тараптар бейбіт мақсаттағы атом энергетикасы саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, реттеуші органдар арасындағы тәжірибе алмасу, лицензиялау, техникалық сараптама және қадағалау салаларындағы өзара іс-қимылдың жаңа мүмкіндіктері сөз болды.
Алмасадам Сәтқалиев Қытай делегациясын Атом энергетикасы агенттігінің қызметімен және оның құрылымындағы жаңа орган – Атомдық қадағалау және бақылау комитетімен таныстырды. Ол Қазақстанның ядролық қауіпсіздік пен экологиялық тұрақтылыққа қатысты халықаралық стандарттар мен үздік әлемдік тәжірибелерді енгізіп жатқанын атап өтті.
Келіссөздер аясында атом электр станциясы (АЭС) жобасын іске асыру, ядролық отын циклі бойынша ықтимал серіктестік пен ғылыми-техникалық инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапы Қытайдың ядролық және су-экологиялық қауіпсіздік тәжірибесін зерделеуге мүдделі екенін білдірді.
Сонымен қатар АЭС салуға дайындық шеңберінде технология жеткізушілердің шорт-листі жасалғаны айтылды. Бұл тізімге қытайлық CNNC компаниясы ұсынған HPR-1000 реакторлық технологиясы да кірген.
Қытай делегациясының сапары екі ел арасындағы атом энергетикасы бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге серпін бермек.