Қазақстанда автомобиль жолдарының жағдайы, жөндеу жұмыстары мен сапасы туралы ақпаратты бір жерден алуға мүмкіндік беретін E-Joldar цифрлық платформасы әзірленіп жатыр. Жүйе жолдардың цифрлық тарихын қалыптастырып, жүргізілген жұмыстарды бақылауға және жөндеуді қажет ететін учаскелерді анықтауға көмектеседі, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазір платформаға республикалық маңызы бар 41 мың шақырымнан астам жол туралы мәлімет енгізілген. Алдағы уақытта оны жол саласындағы 12 ақпараттық жүйемен біріктіру жоспарланып отыр.
Жолдардың цифрлық тарихы қалыптасады
E-Joldar арқылы әрбір жол учаскесі туралы толық ақпарат жинақталады. Атап айтқанда, жолдың техникалық сипаттамалары, жөндеу тарихы, мердігер ұйымдар, пайдаланылған құрылыс материалдары мен зертханалық сынақтардың нәтижелері жүйеде сақталады.
Бұл белгілі бір жол учаскесінде қандай жұмыстар жүргізілгенін, қандай материалдар қолданылғанын және тексеру кезінде қандай кемшіліктер анықталғанын бақылауға мүмкіндік береді.
Платформа KazRoadLab, RoadIQ және Sapar сияқты қолданыстағы цифрлық жүйелермен интеграцияланады. Олар тиісінше құрылыс материалдарының сапасы мен зертханалық сынақтар, жолдардың жағдайын бағалау және жөндеуді жоспарлау, сондай-ақ жол бойындағы сервистік нысандар туралы ақпаратты қамтиды.
Сонымен қатар E-Joldar-ды e-Otinish жүйесімен байланыстыру көзделген. Осы арқылы тұрғындардың жол сапасына қатысты шағымдары нақты учаскелерге тіркеліп, техникалық деректермен салыстырылады. Бұл проблемалық жолдарды анықтау кезінде азаматтардың өтініштерін де ескеруге мүмкіндік береді.
Жүргізушілер қандай ақпарат ала алады?
E-Joldar тек мемлекеттік органдар мен жол саласының мамандарына арналмаған. Қарапайым пайдаланушылар да платформа арқылы жолдардың жай-күйі мен жөндеу жұмыстары туралы ақпарат ала алады.
Сондай-ақ жүргізушілер жол бойындағы жанармай құю бекеттерін, демалыс және тамақтану орындарын іздей алады. Бұл әсіресе алыс сапарға шығатын азаматтарға бағытты алдын ала жоспарлауға көмектеседі.
Жөндеу жұмыстары қалай жоспарланады?
Платформаның тағы бір міндеті – жөндеу жұмыстарын нақты қажеттілікке қарай жоспарлау. Ол үшін жол жабынының жағдайы, көлік қозғалысының қарқындылығы, бұрын жүргізілген жөндеу жұмыстары мен тексеру нәтижелері ескеріледі.
Жинақталған ақпарат жөндеуді бірінші кезекте қажет ететін учаскелерді анықтауға және бюджет қаражатын тиімді бөлуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жолдардың мерзімінен бұрын бұзылу себептерін талдауға жағдай жасайды.
Қазіргі уақытта E-Joldar әзірлену үстінде. Бірыңғай цифрлық платформаны 2027 жылдың жазында іске қосу жоспарланып отыр.