Қазақстанда 29 миллиард теңге негізсіз жұмсалмақ болған

Көркем Алдабергенова 27 мам. 2025 09:40

Антикор жыл басынан бері 29 млрд теңгенің бюджет қаражатын тиімсіз жұмсауға жол бермеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тауарлар, жұмыстар мен қызметтерге жоспарлы бағалардың артық көрсетілуін анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алуларға жүргізілген мониторингтің қорытындысын жариялады.

Бес ай ішінде жалпы сомасы 29 млрд теңге болатын осындай деректер анықталған. Оның 6,4 млрд теңгесі бюджетке қайтарылды.

"Қалған сома бойынша тапсырыс берушілер қайта есептеу жүргізіп, жоспарлы бағалар төмендетілді немесе сатып алынатын тауарлардың көлемі арттырылды", – деп түсіндірді агенттік өкілдері.

Салыстырмалы түрде айтқанда, өткен жылы 55 млрд теңге көлемінде негізсіз қымбаттаған сатып алулар анықталып, оның 26 млрд теңгесі бюджетке қайтарылған, ал қалғаны бойынша қайта есептеулер жүргізілген.

Жалпы алғанда, 2019 жылдан бастап жобаны іске асыру кезеңінде агенттік 224,7 млрд теңгенің бюджет қаржысын тиімсіз пайдаланудың алдын алған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар