Қазақстанда 2 мыңнан астам жасөспірім профилактикалық есепке қойылды

Қазақстанда 2 мыңнан астам жасөспірім профилактикалық есепке қойылды
tengrinews.kz

Қазақстанда жыл басынан бері 2 мыңға жуық жасөспірім профилактикалық есепке қойылып, олардың әрқайсысымен жеке жұмыс жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, бұл жұмыстар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған «Саналы ұрпақ» жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Жоба шеңберінде тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтауға арналған цифрлық профилактикалық карта енгізілуде.

Ведомствоның хабарлауынша, пилоттық жоба алғаш рет Астанадағы үш колледжде сынақтан өткен. Нәтижесінде жасөспірімдер қылмысына әсер ететін негізгі факторлар ретінде білім алу мақсатындағы көші-қон, профилактикалық есепке уақытылы қойылмау және ата-аналардың бақылауының жеткіліксіздігі анықталған.

Сондай-ақ пилот барысында тіркеусіз тұрып жатқан және мемлекеттік органдардың бақылауынан тыс қалған 45 студент анықталған.

Бас прокуратураның мәліметінше, профилактикалық рейдтердің бірінде Астанадағы түнгі ойын-сауық мекемесінен 171 кәмелетке толмаған жасөспірім табылған. Олардың 108-і мектеп оқушысы, 63-і колледж студенті болған.

Барлық жасөспірім полиция бөлімшесіне жеткізіліп, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылған. Ал ойын-сауық мекемесінің қызметі уақытша тоқтатылған.

Ведомствоның мәліметінше, қабылданған шаралардың нәтижесінде елде жасөспірімдер қылмысы 5%-ға төмендеп, тіркелген қылмыс саны 1110-нан 1061-ге дейін азайған.

Жыл басынан бері республика бойынша 6 мыңнан астам профилактикалық рейд өткізілген.

Бас прокуратура жасөспірімдерге интернетті бақылаусыз пайдалану, ата-аналардың жеткіліксіз көңіл бөлуі, білім алу мақсатындағы көші-қон және тәуекел тобындағы балаларды дер кезінде анықтамау кері әсер етіп отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар ведомство кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу мәселесіне де ерекше назар аударылғанын мәлімдеді. Бас прокуратураның дерегінше, мұндай жағдайлардың негізгі себептері ретінде буллинг, зорлық-зомбылық және психологиялық қолайсыздық аталған.