Қазақстанда 11 әуежайға қатысты тергеу басталды

Көркем Алдабергенова 26 там. 2025 18:13

Қазақстанда 11 әуежайға қатысты тергеу басталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, бірқатар әуежайларда инвестициялық жобаларды аяқтау үшін, инвестициялық жобалар аяқталғанға дейін авиакеросин өткізу қызметін жалғастыру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл ретте қаражаттың мақсатты пайдаланылуына бақылау жүзеге асырылатын болады.

Сондай-ақ әуежай инфрақұрылымын дамыту бойынша жүйелі шаралар бастау алуда, оған әуежайлардың кейбір қызметтері тарифтерін ішінара реттеу және ұлғайту арқылы олардың шығынсыз жұмысын қамтамасыз ету, импорттық авиакеросинді әкелуге қойылған шектеулерді алып тастау және өзге де шаралар кіреді.

Сонымен қатар Агенттік авиакеросинге монополиялық жоғары баға белгілеу бойынша 11 әуежайға қатысты тергеп-тексеру бастады: «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ, «Қорқыт Ата әуежайы» АҚ, «Сары-Арқа әуежайы» АҚ, «Шымкент әуежайы» АҚ, «Әулие-Ата халықаралық әуежайы» АҚ, «Қостанай халықаралық әуежайы» АҚ, «Өскемен халықаралық әуежайы» АҚ, «Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ, «Орал халықаралық әуежайы» АҚ, «Семей халықаралық әуежайы» ЖШС, «Жезқазған-Эйр» әуе компаниясы» АҚ. Сонымен қатар авиакеросинді қайталама көтерме өткізу нарығындағы жеткізушілерге қатысты да тексерулер жүргізілуде.

Бүгінгі күні Агенттік 2023 жылы мұнайды қайта өңдеу қызметтеріне монополиялық жоғары баға белгілеу және ұстап тұру түріндегі үстем жағдайды теріс пайдаланғаны үшін «АМӨЗ» ЖШС-не қатысты тергеп-тексеруді аяқтады. Оның материалдары құқық қорғау органдарына жолданды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар