24 сәуір күні Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясының пленарлық отырысы өтті. «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» атты бұл маңызды жиынға екі мыңға жуық адам қатысты. Бұл — ел бірлігінің, татулық пен тұрақтылықтың жарқын көрінісі.
Қазақстан бүгінде жүзден астам ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастырған бейбітшілік пен келісімнің мекені. Осы ынтымақ пен бірліктің берік діңгегі — Қазақстан халқы Ассамблеясы. Сарапшылардың айтуынша, Ассамблея ел ішіндегі тұрақтылықты сақтап, қоғамды біріктіретін күшке айналды.
Саясаттанушы Пердехан Шәмшиевтің айтуынша, Ассамблеяның бұл жолы оңай болған жоқ. 1995 жылы этносаралық келісімді қамтамасыз ету мақсатында құрылған ұйым алғашқы жылдары титулды емес этностардың қоғамдық-саяси өмірге араласуына мүмкіндік беретін әлеуметтік лифт рөлін атқарды. Дегенмен, 2022 жылға дейін ауқымды реформалар жүргізілмеген. Тек конституциялық өзгерістерден кейін Ассамблеяның рөлі қайта қаралып, мемлекеттік тіл мен ортақ құндылықтарды нығайтуда маңызды орынға ие болды.
— Әлемде моноэтносты мемлекеттер сирек. Қазақстан — түрлі этнос өкілдері бейбіт өмір сүріп жатқан ел. Бұл біздің артықшылығымыз. Әр этнос өз мәдениетін сақтай отырып, ортақ тарих пен мемлекеттік тілді құрметтеуде. Қоғамдық келісімнің формуласы — дәл осы, — дейді сарапшы.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық тәжірибесі — елдегі тұрақтылық пен бірліктің басты кепілі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл — ортақ тіл, ортақ құндылық, ортақ болашақ жолындағы сенімді қадам. Бақылаушылардың айтуынша, Ассамблея бүгінде ел ішіндегі тұрақтылықтың тірегі, келісім мен бірліктің берік көпіріне айналған. Өйткені Ассамблеяның басты миссиясы — бөліп-жару емес, баршаны ортақ мақсатқа жұмылдыру.
Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан да Ассамблеяның осы рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Ассамблея қазақ тілін насихаттауда үлкен жұмыс атқарып келеді.
– Түрлі ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету — Ассамблеяның басты бағыттарының бірі. Бұл мені қатты қуантады. Қазақ тілі — бәрімізге ортақ тілге айналып келеді. Сонымен қатар Ассамблея әртүрлі халықтарды біріктіріп, «бәріміздің тіліміз бөлек болса да, туымыз бір, еліміз бір» деген ұстанымды дәріптеуде, – дейді депутат.
Оның сөзінше, Конституцияда көрсетілгендей, еліміздегі әр этнос өкілі қазақ халқымен бірге тең мүмкіндікке ие. Ассамблея осы саясатты ұстанып, бәрімізді ортақ мақсатқа жұмылдыруда.
– Барлық этностармен бірігіп, бір тудың астында, бір елдің мүддесін қорғауда өте жоғары рөл атқаруда. Біздің Конституциямызда жазылғандай, әрбір халықтың мүшесіне, этностарға қазақ халқымен бірге, титулды ұлт ретінде, қазақ тілімен бірге дамуға ешқандай шектеу жоқ. Соны Ассамблея дәріптеп көрсетуде. Біз әрқайсымыз бөлекпіз: тіліміз де бөлек, дініміз де бөлек, бірақ біздің ортақ тіліміз — қазақ тілі, ортақ еліміз — Қазақстан. Ассамблея осындай саясат жүргізуде, осындай ұстанымды қалыптастырып, сондай қарым-қатынас жасап жүр. Мен соған өте қуаныштымын, – деп түйіндеді Кенжеғұл Сейтжан.
Ассамблеяның атқарып жатқан бұл жұмыстары елде азаматтық бірегейлікті қалыптастыруға да үлкен ықпал етуде. Бүгінгі таңда қазақстандықтар үшін ұлтына, дініне қарамастан, ортақ құндылықтарды ұстану маңызды. Мемлекеттік тіл мен біртұтас Отан түсінігі барлығымызды біріктіретін басты факторға айналды. Бұл үрдіс тек еліміздің ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де айқын көрініс табуда.
Осыны дәлелдейтін мысалдардың бірі ретінде «Ұйғыр авози» газетінің бас редакторы Ершат Асматов қазақстандық біртектілік туралы өз ойын айтты.
— Біз көпэтносты ел болғанымызбен, бір халықпыз, бір ұлтпыз. Қазір соған келе жатырмыз. Себебі шетелге шықсақ, бізді «қазақстандық» деп таниды. Ешкім «анау ұйғыр екен», «анау неміс екен», «анау кәріс екен» демейді. Олар үшін біз — Қазақстанның өкілдеріміз. Мысалы, Парижде өткен Олимпиада ойындарында Нариман Құрбанов Қазақстан атынан рекорд орнатып, гимнастикадан алғашқы Олимпиада чемпионы болды. Ол жерде ол «мен ұйғырмын» деп айтқан жоқ, бүкіл әлем оны «қазақстандық Нариман Құрбанов» деп таныды. Сондықтан біздің мәселелеріміз де, проблемаларымыз да, мұң-зарымыз да ортақ. Біз — бір халықпыз», — дейді «Ұйғыр авози» газетінің бас редакторы Ершат Асматов.
Саясаттанушы Пердехан Шәмшиев көпұлтты мемлекет жастарының ерекшелігін де атап өтті. Оның айтуынша, көпэтносты ортада өскен жас буын түрлі мәдениеттермен еркін қарым-қатынас жасап, кез келген ортаға тез бейімделе алады. Сондықтан да бүгінде қазақстандық өнер, ғылым және мәдениет өкілдері халықаралық деңгейде танымал.
— Әртүрлі этностардың ортасында өскен жастар үшін өзге мәдениеттермен тіл табысу оңайырақ. Бұл қасиет қазақстандық жастардың түрлі ортада еркін бейімделуіне және ұлттық болмысын сақтай отырып, әлеммен қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік береді. Сол себепті де еліміздің мәдениет, музыка және ғылым саласындағы өкілдері тек көрші елдерде ғана емес, халықаралық деңгейде де жоғары бағаланып жүр, — дейді саясаттанушы.
Сарапшылардың пікірінше, бүгінгі қазақстандық жастардың мәдени ашықтығы мен жаһандық деңгейде сұранысқа ие болуына тек орта ғана емес, жүйелі қолдау да себеп. Бұл ретте олардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, түрлі ұлт өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстырып жүрген құрылым бар — ол Қазақстан халқы Ассамблеясы. Ассамблея тек татулық пен келісімді насихаттап қана қоймай, жастардың бойындағы осы қасиеттерді күшейтетін алаңға айналды. Мәдени әртүрлілікті байлыққа айналдырып, оларды қоғамдық-саяси өмірге тартып, үлкен мүмкіндіктер есігін ашуда.
— Жастар саясатын дамытуға Ассамблеяның рөлі зор. Одан кейін Ассамблеяның жергілікті жерлерде, филиалдарда, әртүрлі этностардың мүшелерінің жергілікті жерлерде жұмыс істеуі осының барлығы біздің елімізге жаңағы өте көп көмегін тигізеді, ақпарат беруде, достық қарым қатынас жасауда, халықаралық қатынас жасауда, мысалға біздің басқа елдермен қарым-қатынас құруда, одан кейін мысалға партиялармен, әр партия бізде қазір Мәжілісте отырған алты партия бар ғой, солармен меморандум құруда және саясат жағынан да осы Ассамблеяның мүшелері тәрбилеуде осындай өзгерістер жасап, жоғарғы деңгейдегі қарым-қатынас жасап, өздерінің жер жерлердегі филиалдарында сондай бағыт жасап жүргеніне өте қуаныштымын, сондай өзгерістер бар, — дейді Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан.
Мамандар Қазақстанды сан ұлттың тағдыры тоғысқан жері деп жиі айтады. Бұл елдің халқы ешқашан жеңіл жолмен жүрген емес. Тарихтың талай сынағынан өтіп, қиындықты бірге көтерді. Сол кезеңдерден аман шығудың бір-ақ жолы болды — бір-біріне арқа сүйеу, түсіну, адам болып қалу. Халық арасында «Жақсы дос — жауға қалдырмас» деген сөз бар. Қазақстанда түрлі ұлт өкілдері бір-біріне жай көрші емес, қиын күнде сүйеніш бола білді. Сондықтан да бүгінде достық туралы айту олар үшін ұран емес, өмірлік тәжірибе.
— Адамды адам ететін — жүректегі жылуы мен кісілік қасиеті. Достықты сақтау — заңмен емес, жүрекпен орындалатын міндет. Бір-бірін құрметтеу, қиын сәтте демеу болу — оны ешкім бұйрықпен үйретпейді. Бұл — атадан балаға берілген тәрбие, санамызға сіңген түсінік.
Қазақстан халқының көпұлтты болуы — байлық. Бірақ бұл байлықты сақтау үшін ең алдымен адам болып қалу керек. Ұлтқа, тілге, дінге қарамай, адамды адам деп тану — біздің басымыздан өткен талай кезеңнің үйреткен сабағы — дейді Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан.
Депутаттың пікірінше, бүгінгі татулық — кешегі төзім мен түсіністіктің нәтижесі. Сондықтан халық даналығында айтылғандай: «Тату болса – ағайын көп, ақылшы болса – ағаң көп». Сол себепті қазақстандықтар үшін бірлік пен достық — тек сөз емес, өмір сүру салты.
Автор: Гүлмира Сыздыққызы