Қазақстан Түркияға ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын көбейтпек, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, екі ел арасындағы агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықта оң динамика байқалады. 2025 жылы бұл саладағы тауар айналымы 25%-дан астам өсіп, шамамен 360 млн долларды құраған. Сонымен қатар агротехнологиялар мен сақтандыру бағытында тәжірибе алмасу жүргізіліп жатыр.
Оның сөзінше, алдағы кезеңде тауар айналымын әртараптандыру, экспорттық өнім түрлерін кеңейту және жоғары қосылған құны бар бірлескен өндірістерді іске қосу маңызды.
"Біз Түркияға бидай, жасымық, мал азығы мен майлы дақылдарды экспорттауға мүдделіміз", - деді премьер-министр.
Осыған байланысты Олжас Бектенов уәкілетті органдарға Түркияның ветеринарлық және фитосанитарлық талаптарына сәйкестік мәселесін бірлесіп пысықтауды ұсынды.
