Қазақстан тұрғындары қаржылық сауаттылыққа тегін оқытыла бастады

Ақтоты Жапатова 19 ақп. 2025 16:24 899

«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында Қазақстан бойынша тегін қаржылық сауаттылық сабақтары басталды. Дәрістерге жасы 18-ден асқан кез келген адам қатыса алады, сонымен қатар проблемалық несиелер бойынша заңгерлерден кеңес ала алады.

Халықтың несиеге белшеден батуы қазақстандық қоғам үшін бірінші жыл бетпе бет келіп отырған көкейкесті мәселе емес.

2024 жылдың аяғында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, AMANAT партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев 8,4 миллиондай адамның немесе экономикалық белсенді халықтың 80 пайызынан астамының несиелері бар екенін мәлімдеді.

Мемлекет несие ауыртпалығын азайту мақсатында  түрлі қадамдарға барып отыр. Соның бірі – AMANAT партиясының бастамасымен қолға алынған «Қарызсыз қоғам» жобасы.

Бұл жобаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет оңды тілге тиек еткенін атап өткен жөн.

«Қазіргі жағдайда экономика мен қаржы негіздерін білу мен негізгі цифрлық дағдыларды меңгеру ерекше маңызды болып отыр. Осы орайда, азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында AMANAT партиясының бастамасымен қолға алынған «Қарызсыз қоғам» жобасын атап өткім келеді», - деді Президент Қазақстан халқына арналған 2024 жылғы қыркүйектегі Жолдауында.

Жоба аясында 18 жастан асқан кез келген Қазақстан тұрғыны қаржылық сауаттылық курстарына тегін қатыса алады, сондай-ақ проблемалық несиелер бойынша заңгерлік көмек ала алады.

Биыл сабақтар 17 ақпанда бастау алып, онлайн және офлайн форматтарда жүргізіледі. Сонымен қатар, қарызы бар азаматтарға заңгерлік көмек көрсету тетігі жетілдіріліп – «ҚолдауFin» байланыс орталығы іске қосылды.

Құқықтық кеңес алу немесе сабақтарға жазылу үшін qogamfin.kz сайтында тіркелу қажет. Қосымша ақпараттарды Instagram мен TikTok әлеуметтік желілеріндегі «Қарызсыз қоғам»  ресми аккаунттарынан алуға болады.

AMANAT партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы 2023 жылдан бері әрекет етеді. 2024 жылы қаржылық сауаттылық жобасы аясында Қазақстан бойынша 780 мыңнан астам адам оқытылды. Олардың 500 мыңы – мектеп оқушылары.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар