Қазақстан Трамп құрған Бейбітшілік кеңесіне ақша төледі ме? Вице-премьер жауап берді

Көркем Алдабергенова 04 нау. 2026 13:35

Вице-премьер Серік Жұманғарин Қазақстан АҚШ президенті Дональд Трамп бастамашы болған Бейбітшілік кеңесіне қаржы аударды ма деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Жұманғариннің айтуынша, Қазақстан әзірге бұл қорға ешқандай төлем жасаған жоқ.

“Біріншіден, әлі ештеңе төлеген жоқпыз. [Аймақтағы ахуалды] тұрақтандыру аясында дәрігерлерді далалық госпитальдармен бірге жіберуге дайынбыз. Студенттерге грант беруге әзірміз. Азық-түлікпен гуманитарлық көмек көрсетуге дайынбыз. Яғни, көмектің басым бөлігі осылай беріледі. Ол да бағалануы мүмкін. Мұнда цифр айтылды, ол сәл солай беріледі деген сөз жоқ. Бұл жан-жақты көмек, басым бөлігі гуманитарлық сипатта болады”, - деді ол мәжіліс кулуарында.

Вице-премьер нақтылаушы сұраққа “иә” немесе “жоқ” деп тікелей жауап бермеді. Оның айтуынша, бұл мәселе үкімет деңгейінде әлі талқыланбаған.

19 ақпанда АҚШ президенті Дональд Трамп Газа секторына қатысты Бейбітшілік кеңесінің бюджетіне тоғыз мемлекет 7 млрд доллардан астам қаржы бөлгенін мәлімдеген. Сол елдердің қатарында Қазақстан да аталған.

Алайда жарияланған 7 млрд доллардың ішінде Қазақстанның нақты үлесі қанша болуы мүмкін екені әзірге белгісіз.

Бұған дейін Ақорда Қазақстан бұл бастама аясында 1 млрд доллар көлемінде жарна төлемегенін мәлімдеген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove