Қазақстан үш мемлекетпен бірлескен теміржол кәсіпорнын құруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Қазақстанның теміржол саласын дамыту шаралары елдің транзиттік дәліздерін нығайтуға бағытталған. Қазіргі уақытта "Солтүстік-Оңтүстік" және "Транскаспий" транзиттік дәліздерінің өткізу мүмкіндігін арттыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
"Әлемдегі дәстүрлі логистикалық бағыттардың өзгеруі Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің маңыздылығын арттырып отыр. Бүгінде бұл бағыттың жүк тасымалдау әлеуеті жылына 10 млн тоннаға жеткен," – деді Қарабаев.
Оның мәлімдеуінше, дәліздің өткізу мүмкіндігін 20 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда. Осы мақсатта 2024 жылдың шілдесінде Иран, Түрікменстан және Ресеймен бірге дәлізді синхронды түрде дамытуға арналған Жол картасына қол қойылған.
"Бұл бағыттағы транзиттік тасымалдарға 50% көлемінде арнайы тарифтік жеңілдіктер енгізілді. Сонымен қатар, Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің шығыс бағытында бірыңғай көлік-логистикалық оператор құру жұмыстары қолға алынуда.
Қазақстан мен Ресей бірлескен кәсіпорын құру бойынша дайындық жұмыстарын аяқтады. Енді Түрікменстан тарапынан жобаға қатысу туралы шешім күтілуде," – деп нақтылады ведомство басшысы.
Осы жобаның жүзеге асуы өңірдегі транзиттік әлеуетті едәуір арттырып, халықаралық жүк тасымалындағы Қазақстанның рөлін күшейтеді деп болжануда.