Қазақстан Ресейден бензин жеткізу туралы ресми өтініш алған жоқ. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейінгі кулуарда мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта Ресей тарапы Қазақстанға бензин жеткізуге қатысты ешқандай ресми сұраныс жолдамаған.
«Қазіргі таңда Ресей тарапынан ресми өтініш түскен жоқ», – деді Ерлан Ақкенженов.
Оның сөзінше, егер мұндай өтініш алдағы уақытта келіп түссе, ол қолданыстағы заңнама мен белгіленген тәртіпке сәйкес қаралады.
Осылайша, Қазақстан әзірге Ресейге бензин экспорттау мәселесін қарастырып жатқан жоқ, өйткені бұл жөнінде ресми сұраныс түспеген.