Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қара теңіз акваториясында Каспий құбыры консорциумының (КҚК) инфрақұрылымы арқылы мұнай тасымалдауға қатысқан азаматтық кемелерге жасалған ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылдарын қатаң айыптады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрліктің мәлімдеуінше, шабуылдар 2026 жылғы 17 және 19 шілдеде болған.
"Аталған шабуылдарды Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделеріне жол беруге болмайтын қол сұғушылық, сондай-ақ заңды халықаралық сауданы, жаһандық энергетикалық нарықтар мен халықаралық көлік-логистикалық жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін тұрақсыздандыруға бағытталған қасақана әрекеттер ретінде қарастырамыз", – делінген СІМ мәлімдемесінде.
Ведомство Қара теңіздегі КҚК терминалдарына мұнай тиеу үшін кірген азаматтық кемелер туралы ақпарат алмасудың барлық тарап алдын ала келіскен тетігінің әдейі сақталмағанына ерекше алаңдаушылық білдірді. Министрліктің мәліметінше, бұл азаматтық кемелер экипаждарының өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндірген.
Сонымен қатар Қазақстан шабуылдарды дереу тоқтатуды және қазақстандық көмірсутек шикізаты экспортталатын инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жан-жақты шаралар қабылдауды талап етті.
"Серіктес мемлекеттерді аталған шабуылдарды батыл айыптауға шақырамыз және барлық мүдделі тараптарды нақты іс-жүзіндегі шараларды бірлесіп әзірлеуге үндейміз. Халықаралық құқық нормаларын мүлтіксіз сақтау ғана осындай оқиғалардың қайталануына жол бермейді деп есептейміз", – деп мәлімдеді Сыртқы істер министрлігі.
СІМ қазіргі уақытта келтірілген залалға жан-жақты бағалау жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, оның қорытындысы бойынша Қазақстан халықаралық құқықта көзделген барлық тетіктерді, соның ішінде келтірілген шығынды өтеу туралы талап қою құқығын өзіне қалдырады.
Сондай-ақ министрлік Қазақстан қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеудің баламасы жоқ екенін ұстанатынын және халықаралық құқық қағидаттарына, кеме қатынасының еркіндігіне әрі халықаралық көлік-логистикалық және энергетикалық бағыттардың сенімді жұмысын қамтамасыз етуге бейілді екенін атап өтті.