Қазақстан ОПЕК алдындағы міндеттемесі бойынша жоспарды жаңартты

Кәмшат Тілеухан 17 сәу. 2025 16:38 1073

Ұйымға мүше мұнай экспорттаушы елдер 2026 жылдың маусымына қарайғы жоспарында мұнайды артық өндіру бойынша өтемақы көлемін ұлғайтты. Соның ішінде Қазақстандікі де артқан, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"ОПЕК өз еркімен қысқарту жүргізуге ниетті жеті елден мұнайды артық өндіргені үшін қарастырылатын өтемақының жаңартылған жоспарын алды. Бұл арада Қазақстан, Ресей, Сауд Арабиясы, Ирак, БАӘ, Кувейт және Оман елдері туралы сөз болып отыр", делінген ұйым хабарламасында.

Жалпы, бұл елдер 2025 жылғы сәуірден бастап 2026 жылғы маусымға дейін артық өндірілген мұнай бойынша тәулігіне 4,572 млн баррель өтеуі тиіс болады. Алдыңғы кестемен салыстырғанда 2025 жылғы сәуірден 2026 жылғы маусымға дейін артық өндірілген мұнай бойынша өтемақылардың жиынтық көлемі тәулігіне 568 мың баррельге ұлғайған.

Жаңартылған өтемақы жоспарында Қазақстан үшін сәуірге арналған көлем тәулігіне 63 мың баррель, мамырда тәулігіне 116 мың баррель, ал сәуірден бастап 2026 жылдың маусымына дейін тәулігіне барлығы 1,299 млн баррелді құрайды.

ОПЕК+тің мұнайдың артық өндірісі үшін қарастырылған өтемақының жаңартылған кестесі:

2025 жылдың наурызында ОПЕК артық өндірілген мұнай бойынша өтемақы кестесін жариялады. Оған сәйкес, ерікті келісімге қатысушылар 2025 жылғы наурыздан бастап 2026 жылғы маусымға дейін мұнай өндірісі бойынша қысқартапаған тәулігіне 4,203 млн баррельді өтеуі тиіс болған. Осы кезеңде Қазақстан мұнай өндірісі көлемін тәулігіне 908 мың баррельге азайтуы тиіс еді. Мәселен, сәуірде мұнай өндірісі тәулігіне 53 мыңға, мамырда 57 мыңға, маусымда 72 мың баррелге қысқаруы керек болатын.

Ал, наурыз айының қорытындысы бойынша Қазақстан мұнай өндірісі көлемін жаңа рекордқа дейін арттырды, дегенмен ОПЕК + ұсынған квота бұл деңгейден әлдеқайда төмен болатын, деп жазды Reuters. Қазақстанда жұмыс істейтін мұнай компаниялары 8,95 млн тонна (тәулігіне 2,17 млн баррель) мұнай өндірді. Бұл 2025 жылдың ақпанындағы (тәулігіне 2,15 млн баррель) көрсеткіштен де жоғары. Алайда, ОПЕК+ тің бұрынғы квоталарына сәйкес, Қазақстандағы мұнай өндірісі тәулігіне 1,468 млн баррельден аспайы тиіс-тұғын. Сарапшылар атап өткендей, Қазақстан соңғы айларда Теңіз кен орнында өндіріс артқаннан кейін ОПЕК+ квоталарынан асып түсуде.

Қазақстан екі оттың ортасында неге қалып отыр? 

Мұнай саласының маманы Байділдинов бұл ретте Қазақстан шынымен де қолайсыз жағдайға тап болып отырғанын айтады. Яғни, ОПЕК алдында өндіріс көлемін қысқартуға уәде береді, бірақ іс жүзінде оны ұлғайта береді. Оның айтуынша, бұл арада мәселе Қазақстанда емес,мұнай өндіруші саланың құрылымында.

"Өндірістің 70%-ы "киттерге" тиесілі: Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған халықаралық консорциумдары. Олар ешқандай келісімге қосыла алмайды. Егер алда-жалда қосылса, оларға қатысты өз елдерінде монополияға қарсы тергеу басталуы мүмкін", - деді сарапшы.

Олжас Байділдиновтың айтуынша, егер консорциумдар өндірісті қысқартып жатса, оларды картельмен сөз байласып, бағаға әсер етіп жатыр деп айыптауы мүмкін. Сондықтан олар мұны жасамайды, ал Қазақстан өз бетімен келісімді орындай алмайды.

"Меніңше, түптің түбінде Қазақстан ОПЕК ұйымнан шығып тынады. Өйткені Қазақстан өз бетімен ондағы квоталарды орындап, сақтауға қабілетсіз", - дейді сарапшы.

Сондай-ақ ол бір баррель мұнайдың құны 60 доллар деген бүгінгі шынайы баға екенін айтады. 

Бұған дейін Goldman Sachs мұнай бағасының төмендеуіне байланысты біздің өңірдің макроэкономикалық көрсеткіштеріне қатысты болжамды қайта қарап шыққанын жазғанбыз. Жаңа болжамға сәйкес, Brent макарлы мұнайдың бір баррелі 2025 жылы 62 доллар, 2026 жылы 55 доллар болуы мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар