Қазақстанның мемлекеттік облигациялары халықаралық есеп айырысу жүйесіне қосылуы мүмкін, деп хабарлайды Dala News.
27 сәуірде Қазақстан Ұлттық Банкі Euroclear қазақстандық мемлекеттік бағалы қағаздарды өз жүйесіне енгізу жобасын бастағанын мәлімдеді.
Жоба іске асса, шетелдік инвесторлар Қазақстан облигацияларын тікелей сатып ала алады. Яғни дамыған елдердің қағаздарын қалай алса, дәл солай оңай қолжетімді болады.
Қосылу 2027 жылға жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда мұндай операцияларға қолжетімділік бар, бірақ күрделі тетіктер арқылы жүзеге асады. Жаңа формат осы кедергілерді азайтуы тиіс.
Бұл өзгеріс бірнеше бағытта әсер етуі мүмкін.
Біріншіден, нарық кеңейеді. Қатысушылар саны артып, мәмілелер көбейеді.
Екіншіден, мемлекетке қаржы тарту жеңілдейді. Инвесторларға қолжетімділік артқан сайын облигацияларға сұраныс та өсуі ықтимал.
Жалпы бұл Қазақстанның жаһандық қаржы жүйесіне интеграциясын күшейтуді көздейді.
Бұл қарапайым азаматтарға да жанама әсер етуі мүмкін. Егер қазақстандық қағаздарға сұраныс артса, бұл теңгені қолдауы және пайыздық мөлшерлемелерге қысымды азайтуы ықтимал.
Айта кетейік, Euroclear жүйесі арқылы ондаған триллион еуро активтер айналымда. Оған қосылу нарыққа жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.
