Қазақстан Қара теңіздегі танкерлерге жасалған шабуылдардан кейін Новороссийск қаласындағы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) теңіз терминалына мұнай айдауды уақытша тоқтатты. Бұл туралы Bloomberg агенттігі жағдайдан хабардар дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
КҚК терминалы мұнай қабылдауды тоқтатты
Агенттіктің мәліметінше, Ресейдің Новороссийск портындағы КҚК теңіз терминалы құбыр арқылы жеткізілетін мұнайды қабылдамай отыр. Бұған Қара теңіздегі танкерлерге жасалған бірқатар шабуылдан кейін кеме қатынасы компанияларының аталған аймаққа кемелерін жіберуден бас тартуы себеп болған. Bloomberg мәліметіне сәйкес, мұнай қабылдауды тоқтату сейсенбі күні кешірек басталуы тиіс болған.
Қазақстан экспортына әсер етуі мүмкін
Бұл шешім Қазақстанның негізгі мұнай экспорттау бағытына тікелей әсер етеді. Себебі КҚК арқылы еліміз өндірген мұнайдың басым бөлігі әлемдік нарыққа жөнелтіледі. Терминал жұмысының тоқтауы мұнайды әрі қарай тасымалдау мүмкіндігін шектеп, елдегі мұнай өндірісіне де кері ықпал етуі ықтимал.
Ақпаратқа сәйкес, терминалдың жұмысы құбыр инфрақұрылымының зақымдануына байланысты емес. Негізгі себеп – теңіз тасымалдаушыларының қауіпсіздікке алаңдап, шабуылдардан кейін танкерлерді терминалға жіберуден бас тартуы.
Танкерлерге шабуыл жасалған еді
Еске салайық, 2026 жылғы 19 шілдеде КҚК теңіз терминалында мұнай тиеу кезінде ASIA және NISSOS IOS танкерлеріне шабуыл жасалған болатын. ASIA танкерінде өрт шығып, ол жедел сөндірілді. Зардап шеккендер мен мұнайдың теңізге төгілуі тіркелмегенімен, мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылған еді.
Осы оқиғадан кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Энергетика министрлігі шабуылдарды айыптап, мұндай әрекеттер экипаж мүшелерінің қауіпсіздігіне және халықаралық энергетикалық инфрақұрылымға қауіп төндіретінін мәлімдеген.
Сонымен қатар Үкімет елдегі мұнай өңдеу саласын кеңейту жоспарын жүзеге асырып жатыр. Атап айтқанда, Қазақстандағы үш ірі мұнай өңдеу зауытының қуатын арттыру және жылына 10 млн тонна мұнай өңдейтін жаңа зауыт салу мәселесі қарастырылуда. Бұл жұмыстар КҚК теңіз терминалындағы қайталанған оқиғалар аясында жүргізіліп жатыр.