Қазақстанда мұнай өңдеу көлемін қазіргі 18 млн тоннадан 39 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл үшін елдегі үш мұнай өңдеу зауытының қуатын арттыру қажет, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сонымен қатар, дерекке сүйенсек, жылына 10 млн тоннаға дейін мұнай өңдей алатын жаңа мұнай өңдеу зауытын салу үшін әлеуетті инвесторлар іздестіріліп жатыр.
Бүгін Қазақстан мен Қытай Шымкент мұнай өңдеу зауытын кеңейту жобасын бірлесіп әзірлеуге кіріскені белгілі болды. Зауыттың қуатын жылына 12 млн тоннаға дейін арттыру көзделіп отыр. Шығыс Қытай жобалау институты бекітілген техникалық тапсырмаға сәйкес жұмысты бастауға дайын екенін растаған.
Циндао қаласында өткен Энергетика министрлігі өкілдерінің келіссөздері барысында зауытты "6+6" сызбасы бойынша кеңейту конфигурациясы бекітілді. Яғни әрқайсының қуаты 6 млн тоннадан болатын екі технологиялық желі іске қосылып, жаңа өндірістік қуаттар қолданыстағы нысандармен толық біріктірілмек.
