Қазақстан мұғалімге түсетін жүктемені азайтудан рекорд орнатты

Қаракөз Амантай 07 қаз. 2025 09:49

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) TALIS-2024 халықаралық оқыту және оқытушылардың жағдайы жөніндегі зерттеуінің нәтижелері Қазақстанның білім беру жүйесінде оң өзгерістер бар екенін көрсетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Зерттеу аясында білім беру ортасы, мұғалімдердің еңбек жағдайы, кәсіби дамуға мүмкіндіктері, педагогикалық тәжірибелері мен кәсіби ұстанымдары талданады. Қазақстанда бұл зерттеуге 7 мыңнан астам мұғалім мен 369 мектеп директоры қатысты.

2018 жылмен салыстырғанда, қазақстандық мұғалімдер енді өз уақытының көп бөлігін сабақ беруге және ата-аналармен қарым-қатынас орнатуға жұмсайтын болған. Ал әкімшілік жұмыстарға бөлінетін уақыт, керісінше, азайған. Нәтижесінде мұғалімдердің апталық орташа жүктемесі 50 сағаттан 36 сағатқа дейін қысқарған. Мұндай айтарлықтай өзгеріс ЭЫДҰ елдерінің ешбірінде тіркелмеген.

Сондай-ақ қазақстандық мұғалімдердің орташа жасы 45-тен 41 жасқа дейін төмендеген. Бұл көрсеткіш ЭЫДҰ елдері арасындағы ең жас педагогтар қатарына кіретінін білдіреді.

"Қазақстандағы педагогтардың 95 пайызы өз жұмысына қанағаттанатынын, ал 80 пайызы кәсіби таңдау жасау мүмкіндігі қайта берілсе, қайтадан ұстаз болар едім деп жауап берген", – делінген Үкімет хабарламасында.

ЭЫДҰ құрамына 38 ел кіреді. Олардың қатарында Австралия, Австрия, Бельгия, Канада, Чехия, Германия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Ұлыбритания және өзге мемлекеттер бар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар