Қазақстан мен Израиль сыртқы істер министрлігі екі басшының әңгімесі туралы екі түрлі мәлімет берген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Израильдің сыртқы істер министрлігі таратқан ақпаратта министр Гидеон Саар қазақстандық министр Ермек Көшербаевпен Ирандағы соғыс туралы әңгімелескені айтылады.
«Жаңа ғана Қазақстанның сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевпен сөйлестім.Мен оған Ирандағы террористік режимге қарсы жүргізіп жатқан соғысымыздың барысы туралы айтып беріп, Иранның көрші мемлекеттерге жасаған қатыгез шабуылдарын айттым. Сондай-ақ Қазақстанмен арадағы жақсы екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуға бейілді екенімізді растадым», - делінген хабарламада.

Ал Қазақстанның сыртқы істер министрлігі таратқан ақпаратта екі министрдің соғыс барысын талқылағаны туралы емес, Көшербаевтың қазақстандықтарды эвакуациялауға өтініш жасағаны туралы айтылады.

"Тараптар Таяу Шығыстағы ағымдағы ахуалды талқылап, екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін қарастырды. Сұхбат барысында Е.Көшербаев израильдік әріптесіне Израильде жүрген ҚР азаматтарын эвакуациялауға жәрдем көрсету туралы өтініш білдіріп, бұл мәселе еліміз үшін басым міндеттердің бірі екенін атап өтті. Өз кезегінде Г.Саар Израиль тарапы Қазақстан азаматтарын эвакуациялау мәселесін шешуге бар күш-жігерін салатынын жеткізіп, бұл мәселені өзінің жеке бақылауына алатынына сендірді", - делінген хабарламада.
