Қазақстанда киік мүйізін заңсыз аулау және контрабандалау арнасының жолы кесілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алғашқы браконьерлер тобы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі-нің үйлестіруімен Қарағанды облысының криминалдық полиция қызметкерлері тарапынан 2025 жылдың тамыз айында ұсталған. Тергеу дерегінше, үш күдікті сайғақты заңсыз аулап, оның дериваттарын сату мақсатында әрекет еткен. Күдіктілерден жалпы салмағы шамамен 400 келі болатын 1 127 киік мүйізі, сондай-ақ екі тегіс ұңғылы аңшылық мылтық тәркіленді.
ІІМ мәліметінше, ұсталғандардың байланыстарын тексеру барысында 24 желтоқсанда Павлодар облысында Қазақстан мен Ресей шекарасында екінші топ қолға түсті. Бұл топта екі адам болған, олардың бірі — шетел азаматы.
Ведомствоның хабарлауынша, күдіктілер мемлекеттік шекара арқылы 1 882 сайғақ мүйізін контрабандалық жолмен алып өтпек болған. Мүйіздер жүк көлігінің арнайы жабдықталған жасырын қуысына алдын ала тығылған. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
