Қазақстан мен Ресей арасындағы әуе рейстерінің саны артады

Қаракөз Амантай 11 мау. 2024 10:59 2600

Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Ресей Федерациясы үкіметі төрағасының орынбасары Виталий Савельевпен кездесті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тараптар теміржол және автомобиль көлігі, азаматтық авиация, оның ішінде жолаушылар және жүк тасымалы, жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту, сондай-ақ халықаралық көлік дәліздерін дамыту салаларындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін растады.

"Қазақстан мен Ресейдің ірі қалалары арасындағы іскерлік және туристік трафиктің өсіп келе жатқанын ескере отырып, әуе рейстерінің санын ұлғайту перспективалары талқыланды", - деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.

Роман Скляр шекара маңындағы автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.

Бұл ретте ол бірлескен күш-жігерді үндестірудің, оның ішінде Батыс Қытай – Батыс Еуропа, Ресейден Солтүстік – Оңтүстік бағыттары бойынша Қазақстан аумағы арқылы Парсы шығанағы порттарына халықаралық транзитті ұлғайтудың маңыздылығын атап өтті.

Осыған байланысты тараптар теміржол жүк тасымалдарына тариф белгілеу мәселелерінде келісілген іс-қимылдардың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан-Ресей шекарасындағы автомобиль өткізу пункттерінің жұмысын бірлесіп тексеруге келісті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар