Киік мүйіздері – мемлекеттің толық меншігі, оларды экспорттау қарастырылып отыр. Бұл туралы Қазақстанның экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нүркен Шарбиев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қазір мүйізге қатысты тыйым бар, квота жоқ. Мүйіздерді толық экспорттаймыз, бұл – мемлекеттің меншігі. Олар «Охотзоопром» қоймаларында есепке алынып, сақталуда", – деді Шарбиев сейсенбі күні сенаттың аграрлық мәселелер, табиғат пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттардың сұрақтарына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, қоймаларда ғалымдар ұсынған сақтау әдістемесі қолданылады.
"Қараша айының соңында – желтоқсан айының басында Өзбекстанда Еуроодақ қатысатын халықаралық экологиялық ұйымның отырысында Қазақстанға квотаны алып тастау мәселесі қаралады. Сол арқылы бізге мүйізді саудалауға құқық берілмек. Біз бір ведомстволық ұйымымыздың базасында аукциондар мен электрондық сауда арқылы өткізу үшін құрылым жасаймыз. Мүйіз сұранысқа ие елдерде белгіленген ең төменгі бағаны анықтаймыз", – деп қосты вице-министр.
Оның айтуынша, бұл квотаны алғаш енгізген Моңғолия Қазақстаннан шығатын өнім тек өңделген күйде болуын талап етіп отыр. Қазақстан оған да дайын: мүйізді ұнтақ немесе дайын өнім түрінде экспорттау қарастырылуда.
Вице-министрдің айтуынша, республикаға көптеген инвесторлар келуде: «қытайлықтар, Әмірліктерден, қазір зауыт орнатып, өңдеуді қолға алғысы келетіндер туралы әкімдіктер деңгейінде талқылаулар жүріп жатыр».