Қазақстан көмірден газ, дизель отыны мен кокс өндіре бастайды

Қазақстан көмірден газ, дизель отыны мен кокс өндіре бастайды
pixabay.com

Қазақстанда көмір химиясын дамыту арқылы энергетика саласын жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ведомство мәліметінше, елде көмірді терең өңдеуге бағытталған үш ірі жоба іске асырылып жатыр.

Қарағанды облысында жылына 1 млн тонна кокс өндіретін зауыт салынып жатыр. Жоба аясында 500-ге дейін жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Сонымен қатар, Павлодар және Қарағанды облыстарында көмірден дизель отынын өндіретін екі зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Әр кәсіпорынның қуаты жылына 100 мың тоннаны құрайды.

Бұдан бөлек, тағы үш перспективалы жоба пысықталу үстінде. Олардың қатарында Қарағандыда бензол өндіру және таскөмір шайырынан алынатын газды тазарту жобалары бар.

Абай облысында аммиак пен карбамид өндіру жоспарланса, көмірден газ өндіру жобасы бойынша өндіріс алаңы әлі анықталып жатыр.

Министрлік көмір химиясын дамыту көмір саласын әртараптандыруға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік беретінін атап өтті.