Энергетика министрлігі 2030 жылға дейін елде көмір арқылы электр энергиясын өндіруді дамыту жоспарын таныстырды. Құжатта елдегі электр қуатының тапшылығын азайту үшін жаңа нысандар салу және қолданыстағы станцияларды жаңғырту қарастырылған. Жоспардың жалпы құны 8 трлн теңгеден асады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ұлттық жоспар аясында жиынтық қуаты 7,6 ГВт болатын энергетикалық нысандарды салу және жаңарту көзделіп отыр. Жоба бойынша алты жаңа электр станциясын іске қосу жоспарланған. Олардың қатарында Екібастұз ГРЭС-3, сондай-ақ Курчатов, Көкшетау, Семей, Өскемен және Жезқазған қалаларындағы станциялар бар.
Сонымен қатар Екібастұз ГРЭС-2 мен Ақсу ГРЭС-ін техникалық жаңғырту жүргізу жоспарланған. Министрлік бұл шаралар елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, электр энергиясына деген өсіп отырған сұранысты қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
