Қазақстан Иранға май өнімдерін теңіз арқылы экспорттай бастады

Қазақстан Иранға май өнімдерін теңіз арқылы экспорттай бастады
Фото: ЖИ

Қазақстан Каспий теңізі арқылы Иранға май өнімдерін экспорттаудың жаңа бағытын белсенді дамыта бастады. Ақтау портынан 4 сәуір күні 5 мың тонна рапс майы тиелген алғашқы кеме жөнелтілсе, өткен аптада екінші партия жол тартқан, деп хабарлайды dalanews.kz.

Майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығының дерегінше, Иран жыл сайын шамамен 3,5 млн тонна өсімдік майы мен шрот импорттайды. Кейінгі үш жылда Қазақстан бұл елге 100 мың тоннадан астам өнім экспорттаған. Оның негізгі бөлігі шрот болғанымен, енді отандық өндірушілер май экспортын арттыруға мүдделі.

Сала өкілдерінің бағалауынша, Қазақстан алдағы уақытта Иранға жылына 150-200 мың тоннаға дейін май жеткізе алады. Ал перспективада май мен шрот экспортының жалпы көлемін 500 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарда бар.

Мамандар экспорттық бағыттың дамуына ЕАЭО мен Иран арасындағы келісім аясындағы жеңілдетілген сауда режимі оң әсер етіп отырғанын айтады. Сонымен қатар Ақтау портында майды цистерналардан тікелей кемелерге құюға мүмкіндік беретін техникалық инфрақұрылым пайда болған.

Алайда нарықтың толыққанды дамуына кедергі де жоқ емес. Сарапшылар Ақтау портында арнайы май құю терминалының болмауы экспорт көлемін ұлғайтуға әзірге қолбайлау болып отырғанын атап өтті.