Қазақстан украиналық "Нафтогаз" компаниясына ресейлік "Газпромнан" 1,4 миллиард доллар өндіруге рұқсат берді. Бұл туралы "Нафтогаз" басшысы Сергей Корецкий мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Айтуынша, бұл — шетел сотының шешімімен Ресей компаниясынан Украинадан тыс жерде қаржы өндіруге мүмкіндік берілген алғашқы жағдайлардың бірі.
Дау 2022 жылы шыққан. Сол кезде Украина Луганск облысының оккупацияланған аумағы арқылы өтетін ресейлік газ транзитін тоқтатқан. Бірақ Киев газды Сумы облысындағы "Суджа" станциясы арқылы тасымалдауды ұсынған.
Алайда "Газпром" бұл ұсынысқа келіспей, келісімшарт бойынша төлеуі тиіс транзит ақысын төлеуді тоқтатқан. Осыдан кейін "Нафтогаз" халықаралық сотқа жүгінген.
Арбитраж соты украиналық компанияның пайдасына шешім шығарды. Кейін "Газпром" бұл шешімді Швейцария соттарында қайта қаратуға тырысқанымен, сот талапты қанағаттандырмады.
2026 жылдың наурызында Швейцарияның Жоғарғы соты арбитраж шешімін толық күшінде қалдырды. Енді Қазақстан аумағындағы "Газпромның" активтері арқылы осы қаражатты өндіріп алу процесі басталуы мүмкін.