Қазақстан егіс алқабын ұлғайтып, табысы жоғары дақылдарға басымдық беріп жатыр

Қазақстан егіс алқабын ұлғайтып, табысы жоғары дақылдарға басымдық беріп жатыр
pixabay.com

Қазақстанда биылғы егіс көлемі 23,8 млн гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов биыл агросекторда жоғары рентабельді дақылдарға ерекше басымдық берілгенін айтты. Соның нәтижесінде майлы дақылдардың көлемі 4 млн гектардан асып, мал азықтық дақылдардың алқабы 3,3 млн гектарға дейін ұлғаймақ.

Министрліктің мәліметінше, жүгері алқабы да 265 мың гектарға дейін көбейтіледі. Бұл жаңа қайта өңдеу жобаларын шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамту үшін картоп алқаптарын 10 мың гектарға ұлғайту жоспарланған.

Үкімет егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстарын да жалғастырып жатыр. Биыл дәнді дақылдардың көлемі қысқарып, оның ішінде бидай алқабы 12,1 млн гектарды құрайды. Бұл ауыл шаруашылығын нарық сұранысына және су ресурстарын тиімді пайдалануға бейімдеуге бағытталған.

Су үнемдеу технологияларына да ерекше назар аударылуда. Республика бойынша күріш алқабы қысқартылып, мақта өсіруде тамшылатып суару көлемі ұлғайтылып жатыр.

Қазіргі уақытта көктемгі егіс жұмыстары елдің барлық өңірінде басталған. Үкімет биылғы науқанды уақытылы әрі сапалы өткізу мәселесін ерекше бақылауда ұстап отыр.