Қазақстанда дәрі-дәрмек өндірісінің артуы күтіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды, - деп хабарлайды Dalanews.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеп.
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстанның фармацевтикалық өнеркәсібі 207 өндірушіні қамтитынын, оның 43-і дәрілік заттарды өндірушілер екенін айтты.
2024 жылы отандық фармацевтикалық өнім өндіру көлемі 124 млрд теңгеге дейін ұлғайды өсім 18%-ды құрады.
«2024 жылы ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша фармацевтикалық өнімнің 702 түрі сатып алынды. 2025 жылы өндіріс көлемін 1 728 дейін ұлғайту жоспарлануда», - деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.
Министр импортты алмастыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру шеңберінде 2025 жылдан бастап қолданыстағы отандық тауар өндірушілерді қолдай отырып шығарылатын отандық препараттардың тізбесі кеңейтілетінін айтты.
Жаһандық халықаралық фармацевтикалық компаниялармен ынтымақтастық жандандырылады, сондай-ақ, офтейк келісімшарттарды енгізе отырып, ұзақ мерзімді шарттар жасасу талаптары қайта қаралатын болады.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы да баяндады.
Оның айтуынша, биыл амбулаториялық және стационарлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 474 млрд теңге, ал жергілікті бюджеттен 26,7 млрд теңге қаражат жұмсалды.