Қазақстан футбол федерациясы да құрамына кіретін УЕФА-ның 55 ұлттық қауымдастығы FIFA турнирлеріне бойкот жариялау туралы ортақ шешімді қолдады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Еуропалық футбол қауымдастықтарының одағы (УЕФА) FIFA-ның әлем чемпионатының коммерциялық құқықтарының бір бөлігін жеке инвесторларға беру жоспарына қарсы шықты. Егер бұл бастама жүзеге асса, ұйым FIFA ұйымдастыратын барлық турнирлерге, соның ішінде әлем чемпионатына бойкот жариялайтынын мәлімдеді.
Дауға FIFA президенті Джанни Инфантино ұсынған жаңа коммерциялық жоба себеп болды. Жоспарға сәйкес, әлем чемпионаты мен өзге де турнирлерді басқаратын жаңа коммерциялық құрылым құрылып, оның 20%-ға дейінгі үлесі жеке инвестициялық қорларға сатылуы мүмкін.
УЕФА мұндай қадам футболдың тәуелсіздігіне қауіп төндіреді деп есептейді. Ұйым әлем чемпионаты коммерциялық активке айналмауы тиіс екенін айтып, FIFA-дан бұл жоспардан толық бас тартуды талап етті.
Қазақстан бұл мәселеге қатысты жеке мәлімдеме жасаған жоқ. Алайда Қазақстан футбол федерациясы УЕФА құрамындағы 55 ұлттық қауымдастықтың бірі болғандықтан, қабылданған ұжымдық шешімнің қатысушысы саналады.
Өз кезегінде FIFA ұсыныстың әлі талқылау кезеңінде екенін айтып, барлық мүше қауымдастықтың пікірін ескеруге дайын екенін мәлімдеді. Ұйым жоспар жүзеге асқан жағдайда да турнирлерге бақылау өз қолында қалатынын алға тартуда.
Бұл соңғы жылдардағы FIFA мен УЕФА арасындағы ең ірі текетірестердің бірі ретінде бағаланып отыр.