Алматыда "Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлінуді бақылау жөніндегі күштері" миссиясы құрамында қызмет ету үшін Голан жоталарына аттанатын үшінші ұлттық бітімгерлік контингентті салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті қолдау ісіне қатысуының маңызына тоқталды.
"Бітімгерлік - сыртқы саясаттың басым бағыттарының бірі және Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікке қосқан үлесі. Сіздер еліміздің абыройын асқақтатып, Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясына қатысуға аттанғалы тұрсыздар. Бұл - мемлекеттің, халықаралық қауымдастық пен жақындарыңыздың алдындағы үлкен жауапкершілік", - деді ол.
Бұдан соң үшінші бітімгерлік контингенттің командирі, подполковник Ілияс Алматов бастаған әскерилер плацта салтанатты саппен жүріп өтті. Кейін Қарулы күштердің 139 әскери қызметшісі екінші контингентті алмастыру үшін Алматы халықаралық әуежайына жол тартты.
Қазір 150-ден аса қазақстандық бітімгер Біріккен Ұлттар Ұйымының Таяу Шығыстағы және Африка континентіндегі 7 миссиясына әскери бақылаушы, штаб офицері және дербес әскери контингент ретінде қатысып жатыр. Ливанда, Сирияда, Батыс Сахарада, Оңтүстік Суданда, Конго Демократиялық Республикасында, Орталық Африка Республикасындағы БҰҰ миссияларында қазақстандық бітімгерлер бар.
Қазақстандық бітімгерлер атысты тоқтату режимін қамтамасыз ету, патрульдеу, тосқауыл бекеттерін күзету, жарылыс қаупі бар заттарды жою, сондай-ақ, БҰҰ қызметкерлерін алып жүру мен эвакуациялау жөніндегі міндеттерді орындайды. Ұлттық контингенттің бұған дейінгі екі құрамы Голан жоталарында қызмет еткен кезде барлық міндетті ойдағыдай орындаған.