Оның сөзінше, бұл жаттығудың Беларустағы ішкі жағдайға еш қатысы жоқ.
– Бұл жаттығудың Беларустегі ішкі жағдайға қатысы жоқ. «Мызғымас бауырластық» жаттығуы жыл сайын 2012 жылдан бері Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы бітімгерлерімен бірге өткізіліп келеді, – деді Қорғаныс министрлігінің ақпарат және коммуникациялар департаментінің өкілі Ғани Нүсіпов.
Қазақстаннан бөлек Ресей, Беларус, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан әскерилері қатысатын жаттығу Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Беларустегі «Лосвидо» полигонында өтеді.
Ресей қорғаныс министрлігі бір айда осымен екінші рет Беларус аумағында әскери жаттығу өткізетінін хабарлап отыр.
Қазір Беларусте «Славянское братство-2020» жаттығуы өтіп жатыр. РБК сайтының жазуынша, Брест полигонында өтіп жатқан әскери сынаққа ресейлік әуе-десант әскерінің десанттық-штурм дивизиясы қатысуда. Бастапқыда оған Сербия сарбаздары келеді деп айтылған. Кейінірек Белград Еуроодақ басшылары тарапынан қысым болғанын алға тартып, жарты жылға әскери жобалардан бас тартатынын айтқан.
Беларусте бір айдан астам уақыттан бері президент Александр Лукашенконың отставкасын талап еткен наразылық акциялары өтуде. Сайлау қорытындысы бұрмаланды деп санайтын наразылар жаңадан әділ сайлау өткізуді де талап етіп отыр. Еуроодақ және бірқатар Батыс елдері Беларустегі сайлаудың қорытындысын мойындамаған.