Қазақстан Ауғанстанмен арада тіке әуе рейсін ашуы мүмкін. Одан бөлек Қазақстан мен Ауғанстан Тургунди-Герат теміржолын салу туралы уағдаластықтарға қол жеткізді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегацияның Ауғанстанға сапары шеңберінде Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі мен Ауғанстанның Қоғамдық жұмыстар министрлігі арасында «Тургунди-Герат-Қандағар-Спин-Болдак» теміржолының құрылысына қатысуға ниет білдіру туралы хаттамаға қол қойылған.
"Жоба өзара аймақтық транзиттік байланысты кеңейту, Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы көлік-логистикалық байланысты нығайту, Үнді мұхитының порттарына қол жеткізуде Қазақстан үшін ерекше маңызға ие. Жаңа теміржол желісі Ауғанстан аумағы арқылы өтетіндіктен әрі оңтүстік бағытта жүк тасымалдауда ең қысқа маршрут болғандықтан болашақ трансұлттық дәліздің негізгі буыны саналады", - деп жазылған хабарламада.
Қол қойылған хаттама АХҚО юрисдикциясында Қазақстан, Ауғанстан мен Түркіменстан теміржолдары арасында бірлескен кәсіпорын құруды көздейді.
Теміржол желісін салу кезінде талшықтық-оптикалық кабель төсеу көзделеді. Бұл байланысты пойыз қозғалысы қауіпсіздігін, оларды басқаруды жақсарта отырып, көлік дәлізі бойындағы цифрлық инфрақұрылымды дамытады. Елді мекендерді болашақта жоғары жылдамдықты интернетке қосу мүмкіндігі артады.
Кабул сапарының соңғы күні Серік Жұманғарин Ауғанстанның Азаматтық авиация және көлік министрі Хамидулла Ахұнзадамен кездескен.
Тараптар екі ел арасында тіке әуе рейсін ашу, қазақстандық автокөліктер мен автобустарды Ауғанстан нарығына жеткізу, сондай-ақ, ауған студенттерін қазақстандық жоғары оқу орындарында техникалық мамандыққа оқытудың келешегін талқылаған.