Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен қозғалысы шектеулі өзге де жолаушыларға арналған әуежай инфрақұрылымының қолжетімділігі және қызмет көрсету сапасы мәселелері бойынша жұмыс кездесуі өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жиын барысында жолаушының әуежайдағы толық маршруты қарастырылды. Атап айтқанда, автотұрақтан бастап терминалға кіру, қажетті рәсімдерден өту және әуежай ішіндегі қызметтерді пайдалану кезеңдері талқыланды.
Кездесуде арнайы автотұрақ орындары, қолжетімді қозғалыс бағыттары, пандустар, көтергіш платформалар, терминал ішінде кедергісіз жүріп-тұру мүмкіндігі мәселелері көтерілді. Сонымен қатар көру және есту қабілеті бұзылған жолаушылар үшін ақпараттың қолжетімділігіне ерекше назар аударылды.
Осы орайда тактильді бағыттағыштар, Брайль қарпі, көрнекі навигация құралдары мен индукциялық жүйелерді пайдалану мәселелері сөз болды.
Бұдан бөлек, жолаушыларды сүйемелдеу қызметтерінің жұмысы және қызметкерлерді ерекше қажеттілігі бар азаматтарға көмек көрсетуге дайындау деңгейі талқыланды.
Жиынның басты қорытындысы ретінде қолжетімділік жекелеген инфрақұрылым нысандарымен ғана емес, жолаушы үшін әуежай аумағында түсінікті әрі ыңғайлы біртұтас маршрут ретінде қамтамасыз етілуі тиіс екені атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша әуежайларға әртүрлі санаттағы жолаушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, инфрақұрылымның жай-күйі мен қолданыстағы қызмет көрсету рәсімдеріне қосымша бағалау жүргізу ұсынылды.