Каспий құбыр консорциумына (КТК) жасалған шабуылдардан кейін Қазақстан мұнай өндірісін шамамен 3,5 млн тоннаға азайтуға мәжбүр болды. Соған қарамастан, 2026 жылға арналған өндіріс жоспары 98 млн тоннадан 96 млн тоннаға дейін ғана төмендетілді. Жоспарды орындау үшін биыл мұнай кен орындарында өтуге тиіс кейбір ірі жөндеу жұмыстары 2027 жылға қалдырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты.
Министрдің сөзінше, КТК-ға қаңтарда, кейін маусым-шілде айларында жасалған шабуылдар мұнай өндірісіне кері әсер еткен.
Бастапқыда Қазақстан 2026 жылы 98 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлаған. Кейін бұл көрсеткіш 96 млн тоннаға дейін төмендетілді. Яғни жоспар небәрі 2 млн тоннаға қысқарды. Ал шабуылдардан болған шығын 3,5 млн тоннаға жеткен.
Бұл айырмашылық жөндеу жұмыстарының кейінге қалдырылуымен түсіндіріледі. «Теңізшевройл» акционерлері биыл өткізілуге тиіс күрделі жөндеуді 2027 жылға ауыстырған. Қашаған кен орнын игеретін NCOC компаниясының кейбір жөндеу жұмыстары да келесі жылға шегерілді.
"Бұл бізге өндіріс көлемін сақтауға мүмкіндік берді", - деді Ерлан Ақкенженов.
Яғни жөндеу кезінде мұнай өндіру уақытша азаюы керек еді. Жұмыстар кейінге қалғандықтан, кен орындары биыл мұнай өндіруді жалғастыра береді. Осы арқылы КТК-дағы шабуылдардан болған шығынның бір бөлігін өтеу жоспарланған.
КТК Қазақстан мұнайын шетелге тасымалдайтын негізгі бағыт болып қала береді. Баку–Тбилиси–Жейхан құбыры балама жол ретінде пайдаланылып жатқанымен, ол арқылы тасымалданатын мұнай көлемі әлдеқайда аз.
2026 жылы "ҚазМұнайГаз" осы бағыттағы экспортты 31 пайызға арттырып, 1,7 млн тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. 2025 жылы бұл құбыр арқылы 1,3 млн тонна мұнай тасымалданған.
Осылайша, Қазақстан КТК-дағы қиындықтардың орнын әзірге жаңа құбыр арқылы емес, кен орындарындағы жөндеу жұмыстарын кейінге қалдыру арқылы толтырмақ.