Отандық телерадио саласының ардагері, белгілі тележурналист әрі ұстаз Марат Иманғалиұлы Сандықбаев 70 жасқа қараған шағында өмірден озды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қаралы хабарды журналист Базаргүл Үмбетова әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, марқұмның қазақ телевизиясының дамуына қосқан үлесін атап өтті.
Марат Сандықбаев еңбек жолын 1974-1975 жылдары Жезқазған облыстық телевизиясында кинооператор болып бастап, кейін телевизия және радио дикторы қызметін атқарған.
Ол ұзақ жылдар бойы телерадио саласында еңбек етіп, "Қазақстан» РТРК" АҚ Алматы филиалының директоры және "Қазақстан ҰТА" бағдарламасының директоры қызметтерінде болған.
Тележурналист шығармашылық жолында да бірқатар жетістікке жетті. Оның "Кімсің сен, Толқынбек?" атты авторлық туындысы одақтық байқауда үздік деп танылып, жүлделі орын иеленген.
Марат Сандықбаевтың қайтыс болуына байланысты "Қазақстан" РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ернұр Бурахан марқұмның отбасына көңіл айтты.
"Марат Иманғалиұлы – елдік іске адалдығымен, байыпты болмысымен айналасына сыйлы тұлға, арда азамат еді. Өмір жолында абыройлы еңбек етіп, ұлттық телевизия саласының дамуына зор үлес қосты. Адамгершілігі мен парасаты, ұстаздығы, сабырлы мінезі мен ізгі қасиеттері жадымызда мәңгі сақталады", – деді ол.
Әріптестері мен шәкірттері де Марат Сандықбаевты қарапайым әрі қамқор басшы, кейінгі буынға бағыт-бағдар берген ұстаз ретінде еске алды.
Базаргүл Үмбетованың айтуынша, ол басшылық қызметте жүрсе де қарапайымдылығынан айнымай, жас журналистерге үнемі қолдау көрсеткен.
"Басшымын деп дауыс көтергенін мүлде естімеппін. Қарапайым қалпында жаңа келген жас журналистерге жөн сілтеп, қамқор болып жүретін", – деп еске алды журналист.
Марат Сандықбаев құрметті демалысқа шыққанға дейін ұлттық телевизия саласында еңбек етіп, кейінгі буынға мол тәжірибесін үйретті.