«Ойлап қараңыз, бұл стратегия сонау 2012 жылы жарық көрді. Содан бергі уақытта дөңгеленген дүниенің төрт тарабы түгел өзгерді.
Тиісінше, Қазақстанның да келешекке қатысты қағидалары мен ұстанымдары өзгеріске түскені қисынды», – дейді ол.
Айта кетелік, билік соның алдындағы «Қазақстан – 2030» стратегиясын мерзімінен бұрын әрі артығымен орындап тастағанын айтқан.
Жаңа стратегияны қабылдауға жаһандық өзгеріс түрткі болғанын тілге тиек етіп, 2030-дың орнын 2050 бағдарламасы басқан-тұғын.
Соған сай билік аппаратын басынан аяғына дейін қайта құру, аймақтарға әмірін жүргізетін астананың ықпалын азайту, ана мен балаға көңіл бөлу секілді сандаған міндеттер жаңа стратегияның күн тәртібіне енген.
«Билік өзі уәде еткен дүниелерді тастай қылды деуге келіңкіремейді. Әйтеуір тиіп-қашып орындаған болды. Әл-әзір «Қазақстан – 2050» стратегиясы қайта қарауды қажет етеді, оның мақсат-мұраты көңіл көншітпейді.
Неге? Себебі, ескірді. Мұндағы міндеттердің ендігі жерде кәдеге асуы екіталай.
Біріншіден, технологиялық дүмпу болды. Әлем индустриялды төңкерістің келесі сатысына өтті.
Жалпы, мұндай стратегияны үнемі қайта қарап, ұдайы толықтырып, жетілдіріп отыру қажет. Өйтпедің екен, сұраныстан қалады. Елдің көзінен кетеді, көңілінен ұмыт болады.
Трансұлттық корпорациялар әр 3 жыл сайын өз стратегиясын түгелдей қайта қарап, түзеп-күзеп отырады.
Сырттағы ахуал, ішкі факторды ескеріп, ұлттық Стратегияға толықтыру енгізген жөн», – дейді бұл орайда Боқаев.
Сыртқы фактор
Сарапшы бұған түрткі болатын сыртқы 5 факторды жіпке тізген екен.
Алғашқысы. АҚШ саясаты. Жыл басында Ақ үй Орта Азияға қатысты 2025 жылға дейінгі жаңа стратегияны ұсынды.
Екіншісі. Қытай. Бейжің «Бір жол – бір белдеу» жобасына барынша басымдық беруде. Осы арқылы аймақтың тамырын басып, алдымен экономика, артынан саяси интеграциялаудың амал-айласын іздестірмек.
Үшіншісі. Батыс. Күні кеше Еуроодақ Орта Азиямен әріптестікті арттыруға арқау болатын жаңа стратегияны таныстырды.
Төртіншісі. Ресей. Одақтасымыз 2035 жылға дейін әрекет ететін жаңа Энергетиялық стратегияны қабылдайды. Мәскеу осы арқылы аймаққа ықпалын жүргізуге ынтығып отыр.
Бесіншісі. Өзбекстан. Ташкент аймаққа ықпалын жүргізетін орталыққа айналуды армандайды. Осы ойын жүзеге асыру үшін ұлттық стратегия қабылдап, әне-міне іске кірісуге әзір отыр.
Ал ішкі факторға келсек, Боқаевтың пікірінше, Қазақстандағы мембағдарламалар арасында өзара үндестік жоқ. Салаға жауапты министрліктердің саясаты 2050 стратегиясымен мүлде үйлеспейді.
Экономикадағы сауатсыз шешімдер халық тұрмысының құлдырауына алып келген.
Партиялардың өз пайымы жоқ, белгілі бір әлеуметтік топтың сойылын соға алмайды.
Індет ілдебайлап келе жатқан Қазақстанды құзға құлатуға шақ тұр. Осы отыз жылда биліктен әбден көңілі қалған әлеумет ешнәрсеге елең етпейтін жағдайға жеткен.
«Әлеумет әділдік іздейді. Қоғам демократияға сусап отыр. Әлгі Стратегияда осы пунктті аттап өткен сыңайлы. Себебі бұл құжатты жазарда билік халықпен ақылдасқан жоқ.
Билік халықтан қаймығатын қоғамда мұндай деңгейдегі жобаларға ел тұрғындары тайлы-тұяғы қалмай атсалысады.
Ашығын айтқанда, «Қазақстан – 2050» стратегиясы аспан көгінде қалықтап жүр. Мұндағы қияли дүниелер халықтың шынайы арман-тілегімен үйлеспейді», – дейді Боқаев.
Ішкі фактор
Оның пайымдауынша, жаңа стратегияны келесідей 5 талаппен толықтыру қажет.
Біріншісі. Заңы билікке де, бұқараға да ортақ, азаматтардың құқығы бірінші кезекте қорғалатын Әділетті мемлекет құру.
«Бұл нені білдіреді? Әділетті мемлекетте халық биліктегі ат төбеліндей топқа клептократтар ретінде қарамайды. Билік халықтың қабағына қарап сөйлейді, елдегі саяси һәм экономикалық өзгерістерді халықпен ақылдасып барып қабылдайды», – дейді Боқаев.
Қазіргі ахуал қандай? 2020 жылдың «құқықтық мемлекет» рейтингінде Қазақстан 128 елдің ішінен 62-орынға тұрақтады. Рейтинг мамандары Қазақстандағы сот жүйесі мемаппараттың ашықтығына 2 деген баға қойыпты.
Екіншісі. Нақты нәтиже беретін әлеуметтік стратегия құру. Жұртты жұмыспен қамтуды сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындау. Қазба байлықты сатудан түскен халыққа тиесілі дүниені әділ үлестіру.
Әлемдегі ең бақытсыз елдердің санатынан «Бақытты елдердің» қосынына өту.
«Әлемдегі бақытты елдердің алғашқы ондығында Дания, Швейцария, Исландия, Норвегия, Нидерланды, Швеция, Жаңа Зеландия, Австрия және Люксембург тұр. Қазақстан 50-орында. Өзбекстан бізден озық тұр», – дейді Боқаев.
Үшіншісі. Бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасау. Мемлекет бизнесті қолдаудың жаңа тетігін іздестіргені жөн.
Бұл міндетті орындай алса, ұлттық экономиканы аман алып қалады. Ал егер...
«Ал егер бәрі де даурықпа, науқан деңгейінде жүргізілсе, ұлттық экономика бизнеспен бірге құрдымға кетеді. Бизнесті алқымнан ала бергенше, оның нормативтік-құқықтық базасын жеңілдету керек», – дейді саясаттанушы.
Төртіншісі. Мемлекеттің өз халқын өзі асырай алатын әлуеті болуы керек. Індет азық-түлік қауіпсіздігі қаншалықты өзекті екенін айшықтап берді.
Бұған баға беретін The Global Food Security Index-інде біздің ел 48-інші орында тұр.
Бесінші және ең басты талап: халықты мемлекет ісіне араластыру. Саясатты жұрттан жырып алмау. Демократиялық институттарды биліктің бұғауынан босату. Оларға шын мәніндегі еркіндік беру. Ой еркіндігі мен сөз бостандығының салтанат құруына жол ашу.
«Осымен байланысты рейтингте Қазақстан 167 елдің ішінде 139-орында тұр. Төмен. Өте төмен көрсеткіш. Халық пен биліктің арасы қаншалықты алшақ екенін осыған қарап-ақ бағамдауға болады», ؘ – дейді Боқаев.
...
Тоқ етерін айтқанда, «Қазақстан – 2050» стратегиясын түбегейлі жаңартатын кез келді. Соған сай мембағдарламаларды да қайта қарау қажет.
Сөй деген Боқаев бұлардың нәтижесіздігін нақты анықтайтын аудит жүргізген жөн деген ұстанымда.
«Сосын егер Стратегияны қайта қарап жатсақ, оны талқылаудан қалың бұқара қалыс қалмауы қажет. Бұған қоғам атсалысқанда ғана стратегия шынайы өмірге біртабан жақын болады.
Қоғам өзі түсінбеген құжаттың қыр-сырына үңілмейді, қызықпайды. Ескі стратегияны меңзеп отырмын. Бізге анық-қанық мақсаты бар, халықтың талап-тілегімен үндесетін жаңа құжат қажет. Ал науқаншылдыққа ұрынсақ, «баяғы жартас, сол жартастың» кебін киеміз», – дейді саясаттанушы.
Боқаев ескіні сүріп тастап, жаңа Стратегияны қабылдауға Тоқаевтың өзі ынта танытар деген сенімде.
«Бәлкім, Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысында бұл ойын ортаға салар. Ал оны орындауды жаңа Үкіметке жүктеген жөн шығар. Қалай болғанда да, ұлттық деңгейдегі әлеуметтік-экономикалық стратегияға сусап отырмыз. Бізге түсінікті жазылған, ішкі-сыртқы факторды тең ұстайтын құжат қажет», – дейді ол.
Әзірлеген Думан БЫҚАЙ