Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Ақордада журналистер мен медиа саласының өкілдеріне арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиында журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтап, отандық телевизия мен баспасөздің дамуына үлес қосқан ардагерлерді ерекше атап өтті.
Солардың қатарында қазақ тілінде тұңғыш эфир жүргізген диктор Зұлқия Жұматова да бар. Бүгінде 106 жасқа келген телевизия ардагеріне "Құрмет" ордені табысталды.
Мемлекет басшысы қазіргі медианың дамуына үлес қосып жүрген тәжірибелі журналистерге де тоқталды.
"Қазір ортамызда отандық медианың мәртебесін арттырып жүрген тәжірибелі азаматтар отыр. Олардың қатарында Ертай Ашықбаев, Татьяна Корецкая, Қайрат Мұсақұлов, Қымбат Досжан сынды танымал журналистер бар. Тілшілердің жас буыны сіздерге қарап бой түзейді", – деді Тоқаев.
Сондай-ақ биыл алғаш рет өңірлерде еңбек етіп жүрген журналистерге де пәтер кілті табысталатыны айтылды. Жалпы осы жылы 66 медиа маманы баспаналы болмақ.
Ақорда мәліметінше, соңғы үш жылда 200 журналист пен медиа саласының қызметкері мемлекеттен үй алған.