Ұлытау облысында “Қазақмыс” кәсіпорнының аумағынан мыс құрамды шикізат ұрлаған 6 адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылдың наурыз айында алты адамнан құралған топ Жезқазған мыс балқыту зауытының шлак сақтайтын аумағына заңсыз кірген. Кәсіпорын “Қазақмыс” корпорациясына тиесілі.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер құрамында мыс бар 2,1 тонна шикізатты ұрлап кеткен. Келтірілген шығын көлемі 3,5 млн теңгеден асқан.
Ұрланған өнім алдымен жалға алынған қоймаға жеткізіліп, кейін Теміртауға сатуға жөнелтілген. Алайда шикізатты түсіру кезінде оларды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ұстаған.
Сот барысында айыпталушылар кінәларын толық мойындап, прокуратурамен процестік келісім жасаған.
Нәтижесінде сот әрқайсына 3,5 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Кейін рақымшылыққа ілінуіне байланысты жаза мерзімі 2 жыл 4 айға дейін қысқартылған.
Сондай-ақ кәсіпорынға келтірілген шығын толық өтелгені айтылды.