«Қазақмыс Корпорациясы» республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында 2026–2027 оқу жылына 2 500-ден астам оқушыны мектепке қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етті. 2026 жылы Компания акцияны іске асыруға 66,5 млн теңге бөлді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қолдауға аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылар ие болды.
Акция «Қазақмыс» қызмет ететін төрт өңірді қамтыды: Ұлытау, Қарағанды, Абай және Жамбыл облыстары. Қарағанды облысында 1 051 оқушыға, Ұлытау облысында 912 оқушыға қолдау көрсетілді. Жамбыл облысында 513 оқушыға, Абай облысында 42 оқушыға көмек берілді.
Әр оқушыға жаңа оқу жылына қажетті мектеп жиынтығы табысталды. Оның құрамына мектеп сөмкесі және негізгі оқу-жазу құралдары кірді.
«Қазақмыс» жыл сайын «Мектепке жол» акциясына қатысып, балалар мен отбасыларға қолдау көрсетіп келеді. Бұл — Компанияның өз қызметін жүзеге асыратын өңірлердегі әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі. Балаларға қолдау көрсету және отбасыларға көмек көрсету Компанияның әлеуметтік жауапкершілік саласындағы тұрақты бастамаларының қатарында.