«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС өндірістік нысандарындағы 38 медициналық пунктті қосымша жабдықтауға 100 млн теңгеден астам қаржы бөлді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазір қажетті медициналық жабдықтардың негізгі бөлігі жеткізілді. Медициналық пункттер алғашқы бағалау жүргізіп, шұғыл көмек көрсетуге қажетті заманауи құралдармен толықтырылып жатыр.

Олардың қатарында портативті дефибрилляторлар, электрокардиографтар, оттегі баллондары, медициналық зембілдер, иммобилизациялық шиналар, тасымалдауға арналған қалқандар мен күйікке қарсы жиынтықтар бар.
Атап айтқанда, 35 ZOLL AED Plus портативті дефибрилляторы, 35 COMEN электрокардиография аппараты, 20 тасымалдау қалқаны, 52 иммобилизациялық шина жиынтығы және 37 күйікке қарсы жиынтық сатып алынған. Сонымен қатар 38 медициналық пункттің барлығы медициналық тоңазытқышпен қамтамасыз етілді.
Медициналық пункттер өндірістік нысандардың ерекшелігі мен шұғыл медициналық көмек көрсету талаптарын ескере отырып, бірыңғай стандарт бойынша жабдықталуда. Бұл кәсіпорындардағы медициналық көмектің материалдық-техникалық базасын біріздендіріп, төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Медициналық пункттерде кәсіби мамандар жұмыс істейді. Олар бейінді оқудан өтіп, шұғыл медициналық көмек көрсету дағдыларын тұрақты түрде жетілдіріп отырады.
«Өндірістегі медицина қызметкерінің басты міндеті – қажетті көмекті жедел көрсетуге үнемі дайын болу. Төтенше жағдайда әр минут маңызды. Сондықтан дер кезінде әрекет ету маманның дайындығы мен өндіріс орнында қажетті жабдықтың қолжетімді болуына тікелей байланысты», – деді «Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС директоры Дәурен Аманқұлов.
Медициналық пункттерді жаңғырту «Қазақмыстың» жұмыскерлерге көрсетілетін медициналық көмекті дамыту бағытындағы жүйелі жұмысының бір бөлігі. Компания олардың инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жетілдіріп, материалдық-техникалық базасын жаңартуды жалғастырып келеді.