"Алматы қаласының әкімдігі «Алматы қ. жер қатынастары басқармасы» КММ мәжбүрлі түрде «Қазақфильмнің» жер учаскесінен 5,5482 гектарды «Ethnoland» ұлттық-мәдени кешен салу мақсатында тартып алмақ" деп хабарлайды киностудияның баспасөз қызметі.
Осы орайда, «Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ аталған іске қатысты бұл шешіммен келіспейтінін айта отырып, Жер кодексінің 84 бабы 2 т. 4 т. В алға тартады:
«Жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн ерекше жағдайларда, бұл мұқтажды өзге де тәсiлмен қанағаттандыру мүмкiн болмаған және мүлiктi меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.
Автомобиль және темір жолдардың құрылысы (реконструкциясы), әуежайлар, әуеайлақтар, аэронавигация объектілерінің және авиатехникалық орталықтардың, теміржол көлігі объектілерінің, көпірлердің, метрополитендердің, тоннельдердің, энергетика жүйелері мен электр тарату желілері, байланыс желілері объектілерінің, ғарыш қызметін қамтамасыз ететін объектілердің, магистральдық құбырлардың, инженерлік-коммуникациялық желілердің, стратегиялық объектілерге жататын мұнай өңдеу өндірісі объектілерінің, концессиялық жобаларды іске асыру, елді мекендердің ортақ пайдалануындағы объектілердің құрылысы (реконструкциясы) және тағы басқа».
Оның үстіне, уақытша жер учаскесін пайдалану құқығы туралы 2010 жылы қабылданған жер актісінде, киностудияға 50 жылға жалға берілген жер телімі бөлінбейтін деп көрсетілген. Осылайша, жер учаскесін бөліп алу ҚР жер заңнамасын тікелей бұзу болып табылады.
Айта кетелік, Алматы қаласының әкімшілігі тартып алғалы жатқан учаскеде «Қазақ хандығы» сериалының декорациясы бірнеше жылдан бері тұр.
Аталған декорация бүгінгі таңда тек Қазақстан кинематографистерінің емес, сонымен қатар, шетелдік киногерлер пайдасына да жарап тұр.
Және де аталған учаскеде ауқымды тарихи «Томирис» (бас продюсері Әлия Назарбаева, режиссері Ақан Сатаев, «Қазақфильм» және «Сатайфильм» өндірісі) атты картинасына арналған декорация соғылып жатыр. Оның түсірілімдері қыркүйек айында басталғалы отыр.
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ аталған территориясындағы бар декорациялардан бөлек, басқа да фильмдерге арнап түсірілім алаңдарын тұрғызбақ. Атап айтқанда, «Елбасы жолы» киноэпопеясының «В эпицентре мира» атты фильмі және де басқа да маңызы зор көркем туындылар.
Жер учаскесі тартып алынған жағдайда фильмдерді түсіру үрдісі тоқтап, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бекіткен тақырыптық жоспар орындалмай қалу қаупі төніп тұр.
«Ш. Айманова атындағы «Қазақфильм» АҚ» – Қазақстандағы негізгі киноалаң, өндіріспен және көркем фильмдердің, деректі және анимациялық фильмдердің пост-продукциясымен айналысады.
Киностудия 1934 жылы Алматы киномұрағат студиясы болып құрылды, 1936 жылы алғашқы деректі фильмдерді ұсына бастады. 1941 жылдың 15-қарашасында Алматы киностудиясы «Мосфильм» және «Ленфильм» киностудиясымен бірге Алматыда 1944 жылға дейін жұмыс істеген және соғыс жылдарында отандық көркем фильмдердің 80 %-ын шығарған Біріккен киностудиялар орталығы - БКО-ға қосылды.
1960 жылдың 9 қаңтарында Алматы көркем және хроникалық фильм киностудиясын «Қазақфильм» киностудиясы деген атауға ауыстырды. 1984 жылы киностудияға ұлттық кинематографияның көрнекті қайраткері Шәкен Кенжетайұлы Аймановтың аты берілді.