«Қазақфильм» ғимараттары мемлекет меншігінде қалады – Мәдениет және ақпарат министрлігі

Ақтоты Жапатова 04 қаз. 2025 18:40

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлттық «Қазақфильм» киностудиясының барлық негізгі өндірістік нысандары мемлекет меншігінде қалатынын ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz

Министрліктің мәліметінше, бұл шешім Рысқұлов даңғылындағы «П» әрпі түрінде жобаланған әйгілі ғимаратқа да қатысты. Қазіргі таңда нысан «Қазақфильмнің» меншігінде және оны сату жөнінде ешқандай ресми дерек жоқ.

Ведомство соңғы уақытта әлеуметтік желілерде, соның ішінде мәдениеттанушы Ерлан Төлеутайдың жазбаларында да шындыққа жанаспайтын және расталмаған ақпараттар тарап жатқанын атап өтті. Мұндай ақпарат қоғамда мемлекеттік органдарға деген сенімсіздік туғызуы мүмкін.

Мәдениет және ақпарат министрлігі азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырып, жалған мәлімет таратудың заң алдында жауапкершілікке әкелетінін ескертті. ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес, жалған ақпарат тарату қатаң жазаланады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар