Қазақ тілін қорлаған алматылыққа қатысты сот үкімі шықты

Қаракөз Амантай 16 сәу. 2024 15:14 30820

21 жастағы алматылық Элина Лю қазақ тілі туралы айтқан бейәдеп сөздері үшін екі жылға сотталды. Сот оны ұлтаралық араздық тудырғаны үшін кінәлі деп тапты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Журналист Михаил Козачковтың телеграм-арнасындағы ақпаратқа сүйенсек, оған заң тұрғысынан ҚР Қылмыстық Кодексінің 174-бабы бойынша жаза тағайындалған.

“Элина Лю осы жасына дейін көп нәрсеге қол жеткізді: дүниеге бала әкелді, әлеуметтік желілерге тіркелді, енді міне түрмеде отыр. Ол Қылмыстық кодекстің 174-бабы “Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған әрекеті” үшін сотталды”, - дейді ол.

Белгілі болғандай, өткен жылдың күзінде Элина TikTok желісінде тікелей эфир өткізеді. Оны мыңға жуық көрермен тамашалаған. Осы сәтте жазылушылардың бірі оның ұлты мен дінін сұрап, мемлекеттік тілде сөйлеуін талап етеді. Ал жас қыз бұл сұраққа дөрекі жауап береді.

“Ол қазақ тілін ұнатпайтынын айтып, бұл тілде тек “мәмбеттер” сөйлейтінін жеткізген. Сондай-ақ ол Алматыдағы Абай көшесіндегі кептелістерге ауылдан келгендерді кінәлі деп айыптаған. Қала берді қалада ешкім қазақша сөйлемейтінін баса айтып, жазылушысына ұрысқан”, - дейді журналист.

Осылайша, Людің эфирдегі сөзі интернетте таралып, әлеуметтік желіні бақылайтын жедел уәкіл ондағы алауыздық белгілерін көріп, есеп жазған.

Сарапшы Лю сөздерінде қазақ ұлты өкілдерінің ар-намысына қатысты қорлау және ұлттық араздық пен алауыздықты қоздыру белгілері бар екенін алға тартқан. Нақтырақ айтсақ, “қазақ ұлтының өкілдерін кемсіту” және “қазақ ұлтының тілін менсінбеушілік” бар деген қорытындыға келген.

Сотта Лю өзіне жазылушының мемлекеттік тілді білмегеннен кейін, Қазақстаннан кетуін талап етіп “арандатушылыққа бой алдырғанын айтқан”. Ол кінәсін мойындамай, тек жағымсыз пікір жазғандардың “намысына тигісі келгенін, “ұсқынсыз тіл” деген сөзді қазақ тіліндегі бейәдеп сөздерге қатысты айтқанын түсіндірген. Бірақ судья Қалима Дуанбекова оның жауабын қанағаттандырмады.

"Сот Людің кінәсінің дәлелденгені туралы қорытындыға келіп, ол өзінің іс-әрекетімен ұлтаралық алауыздықты тудырғанымен, ұлттық ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлаумен, азаматтардың қазақ ұлты өкілдерінің намысына тиген. Людің сөздері Қазақстан Республикасының азаматтарына азаматтық және саяси деструктивті көзқарас тудырады", – делінген сот үкімінде.

Нәтижесінде сот оны ұлтаралық алауыздықты қоздырғаны үшін кінәлі деп тауып, екі жылға соттады. Элина жазасын төменгі қауіпсіздік колониясында өтейді. Ал баласы әжесінің тәрбиесіне берілді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда "Dostyk Plaza" сауда орталығы төңірегінде үлкен дау шыққан еді. 2GIS қосымшасында орталық әкімшілігі тарапынан ұлтаралық алауыздық тудыратын теріс пікір жарияланып, бұл өз кезегінде көптің сынына ұшырап, әлеуметтік желіде қызу талқыланды.

"Dostyk Plaza" орталығына келушілердің бірі "Контингенті қорқынышты. Бәрі бірыңғай калбит! Тауар бағалары да дәл сондай!" деп пікір қалдырады. Ал орталық әкімшілігі араңдатушының сөзін қостап, жіберілген қателіктер үшін одан кешірім сұрайды.

"Қайырлы күн! Пікіріңізге рақмет! Сауда орталығымызға келгендер сізге жағымсыз әсер қалдырғаны үшін кешірім сұраймыз! Біздің мақсатымыз – барлық қонаққа жайлы әрі ыңғайлы орта сыйлау. Үмітіңізді ақтай алмағанымыз үшін өкініш білдіреміз. Тәжірибеңізді алдағы уақытта міндетті түрде ескереміз...!", - делінген әкімішілік жауабында.

Көп ұзамай бұл пікір әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырды.

Мәселен, Сәбит Бәйтенов есімді Facebook-пайдаланушыларының бірі аталмыш пікірді өз парақшасына орналастырып, жазба қалдырған.

"Өткенде Dostyk Plaza -ға біреу "сендерге баратындар тек калбиттер" деп жазып жіберген ғой. Достық плаза "Олай айтпауды өтінеміз. Адамның бәріне тең қараймыз. Сіз де сондай көзқараста болыңыз" деудің орынына. "Біздің (калбит) қонақтарымыз сіздерге сондай әсер қалдырғаны үшін кешірім сұраймыз" деп жазып жіберген ғой", - дейді ол.

Жағдайдың анық-қанығын білу мақсатында Dalanews.kz агенттігі Dostyk Plaza сауда орталығының әкімшілігімен байланысқа шықты. Даулы мәселеге орталықтың ресми өкілі, PR бөлімінің басшысы Карина Сычева жауап берді. Ол болған жағдай үшін сауда орталығы көпшіліктен кешірім сұрағанын айтып, БАҚ өкілдеріне арналған ресми хатты жолдады.

Осы тұста басшылық кінәлі қызметкерді жұмыстан босатқан. Ал араңдатушылық пікір қалдырған авторды жауапқа тарту мақсатында тиісті органдарға арыз түсірген.  

Dalanews.kz агенттігі Алматы қаласының полиция департаментіне сауал жолдап, араңдатушы қандай жазаға тартылатынын сұрап көрді. Әзірге ресми жауап келген жоқ.

Алайда заңға көз жүгіртсек, елдің бүтіндігін бұзып, ұлтаралық алауыздық туғызған адамдар ҚР Қылмыстық Кодексінің 174-бабы бойынша жазаланады. Бұған дейін Бас прокуратура ұлтаралық алауыздық туғызатын адамдар жазадан құтылмайтынын, яғни 2-7 жылға, ал ауыр салдары болса, 12-20 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтқан болатын.  


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар