Алматыда «Alatau-Aqparat» медиахолдингі мен Қырғыз ұлттық “Кабар” ақпараттық агенттігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Салтанатты іс-шараға Қырғыз Республикасының Алматыдағы Бас консулы Женишбек Асанкулов та қатысып, бауырлас елдер басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаровтың әр салада ынтымақтастықты арттыру саясатының жемісті жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Alatau-Aqparat» медиахолдингінің бас директоры Ержан Қалымбайұлы «Ежелден еншісі бөлінбеген екі елдің БАҚ саласындағы байланысы өте маңызды. Жаһанданған дәуірде ең жақын бауыр әрі көрші елмен әсіресе, ақпарат саласындағы бірлік, түсіністік пен қолдауды арттыру заман талабы. Бір-бірімізден үйренетін әрі бір-бірімізге үйрететін дүниелер көп»,- деді.
Өз кезегінде Қырғыз ұлттық “Кабар” ақпараттық агенттігінің директоры Медербек Шерметалиев алда бірлесе атқарар маңызды жобаларды жасау керектігіне тоқталды.
Меморандумда бауырлас елдердің ақпарат саласының ынтымақтастығы мен әріптестігін арттыру көзделген. Сондай-ақ құжатта тараптардың өзара ақпарат пен тәжірибе алмасу, бірлесе ортақ жобалар жасау, сонымен қатар, екі елдің БАҚ өкілдеріне арнап дөңгелек үстелдер, конференциялар т.б. іс-шараларды ұйымдастыру қарастырылған.
“Кабар” ақпараттық агенттігі 1937 жылы құрылған. Қырғызстан ғана емес, Орталық Азия бойынша қырғыз, орыс, ағылшын, араб, түрік және қытай тілдерінде ақпарат таратады.
2020 жылы құрылған «Alatau-Aqparat» медиахолдингінің құрамына 1936 жылдан шығып келе жатқан «Вечерний Алматы», 1988 жылдан шығып келе жатқан «Алматы Ақшамы» газеттері мен aqshamnews.kz, vecher.kz және alnews.kz ақпаратық ресурстары кіреді.